
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 11 наурызда өнеркәсіптік кооперация және жергіліктендіруді одан әрі кеңейту мәселелеріне арналған бейне байланысты жиын өтті.
Мемлекет басшысының биылғы 24 қаңтардағы жарлығымен өндірістік-өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтудің 2022 жылға арналған бағдарламасы қабылданды. Оған сәйкес, 2455 жоба аясында 37 триллион сумға жуық жаңа өнім шығару жоспарланған.
Жиын басында аталған жобалардың жүзеге асуы сыни тұрғыдан сараланды. Бұл мәселеде Фармацевтика саласын дамыту агенттігі, «Өзбекстан темір жолдары» АҚ, «Жылу электр станциялары» АҚ баяу әрекет еткені атап өтілді. «Электрондық ынтымақтастық» порталы арқылы жасалған келісім-шарттар кейбір аудандарда орындалмаған. Электронды тендерлерде Қарақалпақстан Республикасы, Наманган, Сұрхандарья және Хорезмдегі кәсіпорындардың үлесі 1 пайыздан аспайды. Кооперацияның жоқтығынан республикада өндіруге болатын кейбір тауарлардың импорты артқан.
– Қазіргі құбылмалы жағдайда экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – ішкі әлеуетті пайдалану, кейбір импорттық өнімдерді отандық өндіру және өнеркәсіпті одан әрі дамыту. Бұл ұлттық экономикамыздың басымдығы болуы керек, – деді Шавкат Мирзияев.
Жиында осыған байланысты маңызды шаралар белгіленді. Ірі кәсіпорындар мен жергілікті тауар өндірушілер арасында өнім саласында кооперация орнату қажет екені айтылды.
Мысалы, Науаи тау-кен металлургия комбинаты импорттық өнімдер мен техникалық талаптар туралы ақпаратты «кооперация порталында» орналастырғаннан кейін, бұрын импортталатын 600 миллиард сумдық өнімді қазір 18 жергілікті компания жеткізуде.
Мемлекет басшысы бұл тәжірибені барлық салалар мен аймақтарға енгізуді, импорттық өнімді игеруге кәсіпкерлерді тартуды тапсырды.
Осы мақсатта өнеркәсіптік жәрмеңкелерді өткізу тәртібі өзгертілмек. Онда дайын өнімге сатып алушы табумен қатар, әзірлеуге ұсынылатын тауарларға да бизнес-жоспарлар әзірленеді. Жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер тапсырыс берушімен сатып алу және банктермен қаржыландыру туралы келісімдер жасайды.
Осы мақсатта «Узэкспоорталықта» тұрақты жұмыс істейтін өндірістік көрме, облыс орталықтары мен индустриялық аймақтарда жергілікті тауар өндірушілердің көрме залдары ұйымдастырылады.
Бұл ретте жаңа жобалардың маркетингтік зерттеулері өнімді шетелде сертификаттау шығындарының бір бөлігін өтейді.
Бүгінгі жиында әлемдік нарықта болып жатқан өзгерістерге жан-жақты талдау жасалды.
Соған орай сәуір айынан бастап кедендік аумақта қайта өңдейтін және экспорттайтын кәсіпорындарға бірқатар жеңілдіктер берілмек. Атап айтқанда, олардың жобалары техникалық-экономикалық негіздемесін, өнімді сертификаттауды, кедендік төлемдерді ұсынуды талап етпейді, оларға рұқсат беру мерзімі 3 есеге қысқарады, әкелінетін құрал-жабдықтардан кедендік баж салығы алынбайды.
Жаңа нарықтарға шығу үшін де салаға халықаралық стандарттарды кеңінен енгізу қажет. Мысалы, 2019-2021 жылдары 2 мың тоқыма кәсіпорны халықаралық сертификаттарға ие болып, экспорт көлемін 1,5 есеге арттырды.
Бұған қоса, жақында Cotton Campaign халықаралық коалициясы өзбек мақтасына бойкотты алып тастады. Бұл да тамаша мүмкіндік, жаңа нарыққа жол ашылды дегені.
«Узстандарт» агенттігіне басқа салаларда халықаралық сертификатталған кәсіпорындардың санын көбейту, өңірлердегі Жобалық кеңселер жанынан Халықаралық стандарттарды оқыту орталықтарын құру тапсырылды.
Өзбекстанда шикізат болып табылатын тағы бір сала – құрылыс материалдары. Осыған байланысты геологиялық қорларды кеңейтуге 100 миллиард сум бөлінді. Биылғы жылы 1,8 миллиард долларды құрайтын 420 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Шенеуніктерге бұл жобаларды дер кезінде іске қосып, құрылыс материалдарының экспортын арттыру тапсырмасы берілді.
Бүгінгі отырыста Фармацевтика өнеркәсібіндегі бар қуаттарды толық жұмылдыру және импортты алмастыру мәселесі де қозғалды.
Өнеркәсіптік кәсіпорындар ғылым мен инновациядан айырылса, олардың жаңа бәсекелестік ортаға бейімделуі қиынға соғатыны белгілі. Сондықтан Инновациялық даму министрлігіне өңірлердегі кәсіпорындарды заман талабына бейімдеп, өнім сапасын арттыруға атсалысуды міндеттелді.