
2021 жылы 17 маусымда Президент Шавкат Мирзияев Әндіжан ауданындағы төбешікте Жаңа Әндіжан қалашығының іргетасын қалаған болатын. Бүгінде көпқабатты үйлер, мектептер мен балабақшалар бой көтеруде.
1 ақпанда мұнда баламалы энергия көздерін кеңінен насихаттау және халықты жұмыспен қамту шараларына арналған жиын өтті.

Ел экономикасы мен халық санының өсуімен бірге электр энергиясын тұтыну да күн санап артып келеді. Соңғы бес жылда Өзбекстанда пәтерлер саны 1 миллион 200 мыңға артып, кәсіпорындар саны 260 мыңға жетті. Бұлар электр энергиясына деген сұранысты 35 пайызға арттырды. Атап айтқанда, Әндіжан, Ферғана және Наманган облыстарында электр энергиясына сұраныс 40 пайызға артқан.
– Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – жаңартылатын энергия көздерін көбейту, – деді Шавкат Мирзияев.

Сондықтан, жиында күн және жел станцияларының жобаларына баса назар аударылды.
Биылғы жылы «Поп» және «Ферғана» аудандарында 600 мегаваттық 2 күн станциясын салу жоспарлануда. Әндіжанда 41, Наманганда 32, Ферғанада 27 шағын су электр станциясын салу мүмкіндігі бар.

Мемлекет басшысы ірі кәсіпорындарда да баламалы энергия көздерін пайдалану, жалпы, оларды электр энергиясымен өзін-өзі қамтамасыз етуге көшу қажеттігін баса айтты.
Әлеуметтік нысандарда күн энергиясын пайдалану үшін жеке компания құрылады. Оған 200 миллион доллар беріледі. Кәсіпорын күн батареялары мен су жылытқыштарын өзі орнатып, бюджеттік кәсіпорынға «жасыл энергияны» сатады. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардағы 3 мың ескі қазандықты заманауи қондырғыларға ауыстыру қажеттігі сөз болды.

Бүгінгі иында энергия ресурстарын үнемдеу шаралары көрсетілді. Тұрғындар үшін күн энергиясын пайдаланудың тартымды жүйесін құру міндеті қойылды.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе кедейлікті азайту және халықты жұмыспен қамтамасыз ету туралы болды.

Бұл тұрғыда өңірлерге қажетті жағдай жасалып жатқаны белгілі. Атап айтқанда, Президенттің 31 қаңтарда қол қойған қаулысына сәйкес, Әндіжан облысына отбасылық бизнеске жеңілдікпен несие беру үшін 1,1 триллион сум бөлінеді.
Соңғы екі жылда 8 мың гектар құнарлы егістік алқап тұрғындарға егін шаруашылығына берілген болса, 2023 жылы тағы 10 мың гектар жер үлестіріледі. Өнеркәсіпті дамыту үшін шағын аудандарда 36 шағын орталық құрылады.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлер мен еңбексүйер жандар мекендеген Әндіжанды жұмыссыздықтан азат аймаққа айналдыруға болатынын атап өтті.
Нақтырақ айтсақ, биыл облыста жалпы құны 800 миллион долларды құрайтын 235 инвестициялық жоба аяқталып, 40 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Халыққа берілген 10 мың гектар жерде 75 мың тұрақты, 200 мың маусымдық жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ жұмыссыздарды кәсіпке оқыту, елді мекендердегі әлеуметтік және кәсіпкерлік инфрақұрылымды жақсарту бойынша міндеттер айқындалды.
Аудан және қала әкімдері халықты жұмыспен қамтуды арттыру жоспарлары туралы ақпарат берді.

