
Оңтүстік Корея Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне арнайы өрт сөндіру және медициналық құрал-жабдықтар жіберді.
Dunyo.info басылымының дерегінше, Оңтүстік Кореяның Пусан қаласы портында сегіз арнайы өрт сөндіру және медициналық құрал-жабдықтарды көмек ретінде Өзбекстанға жөнелту рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Өзбекстанның Сеулдегі елшілігінің, Оңтүстік Кореяның Ұлттық өртке қарсы қызметінің, Оңтүстік Корея-Өзбекстан бизнес қауымдастығының және Корей өрт қауіпсіздігі қауымдастығының өкілдері қатысты.
Өрт сөндіру техникалары және медициналық құрал-жабдықтар Өзбекстанға 2022 жылдың сәуір-мамыр айларында жеткізіледі деп жоспарлануда. Оңтүстік Корея тарапы арнайы техниканы тапсырумен қатар, оларды пайдалану бойынша оқу курстарын ұйымдастыруды көздеп отыр.
Бұл салада екі ел арасында қарым-қатнас жоғары деңгейде. Атап айтқанда, Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігінің Өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдайлар ғылыми-зерттеу институты мен Оңтүстік Кореяның Өрт қауіпсіздігі институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.