Мьянмада интернет бұғатталып, газет шығаруға тыйым салынды
Мьянмадағы әскери төңкерістен кейін жалғасып жатқан наразылықтар аясында кейбір қалаларда интернет қызметтері шектелді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Үкімет кейбір жеке газеттерді жабуға бұйрық берген. Мемлекеттік БАҚ жұмыс істемей тұр.
Tachilek жаңалықтар агенттігі көршілес Таиландпен шекарада талшықты-оптикалық кабельдерді кесіп тастаған жұмысшылардың фотосуреттерін жариялаған. Сонымен қатар, жаппай наразылық кезінде қаза тапқандардың саны 217 адамға жетті, бірақ іс жүзінде бұл одан да көп болуы мүмкін, делінген хабарда.
Еске салар болсақ, Мьянманың әскери күштері 1 ақпанда әскери төңкеріс жасап, ел басшылығын тұтқындады. Төңкерістен кейін бүкіл елде наразылық акциялары басталды.