
Президент Шавкат Мирзияевтің қатысуымен биылғы инфляция деңгейін төмендету шаралары талқыланған жиын өтті.
Инфляция макроэкономикалық көрсеткіш қана емес, ол халықтың табысы мен өмір салтына әсер ететін фактор екені белгілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанда инфляция 12,3 пайызды құрады. Барлық экономикалық тетіктерді пайдалана отырып, биыл бұл көрсеткішті 10 пайыздан төмендету көзделіп отыр.

Ол үшін халық тұтынатын тауарларды, оның ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтып, оларды «даладан дастарханға дейін» жеткізу құнын арзандатып, қолжетімді ету қажеттігі баса айтылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту мақсатында халыққа берілген жалпы 200 мың гектар жерді тиімді пайдалану жөнінде тапсырмалар берілді.
Бұл шараларды жүйелі ұйымдастыру үшін өңірлердің әлеуетін негізге ала отырып, әрбір аудан мен қалаға жеке «жол карталарын» әзірлеу міндеті қойылды.

Халықтың табысын арттыруда олардың бос қаражатын қаржы нарығына тартудың маңызы зор. Бұл тұрғыда жасалған нысандар өз жемісін беруде. Атап айтқанда, соңғы үш жылда халықтың банктегі депозиттері екі есеге өсті.
Дегенмен, бұл бағытта әлі де көп мүмкіндіктер бар. Сондықтан жиында халық үшін тартымды қаржылық қызмет түрлерін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.
