English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Мемлекет басшысы инвестициялық қызмет пен стратегиялық дамудың басымдықтарына арналған жиын өткізді
22:51 / 2022-01-12

12 қаңтарда Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығында Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі мен Стратегиялық даму агенттігінің қызметі талқыланған жиын өтті.

Өзбекстандағы тұрақтылық пен қолайлы инвестициялық ахуалды жасау нәтижесінде сыртқы экономикалық байланыстар тұрақты дамып келеді. 2021 жылы жалпы сомасы 10 миллиард доллардан астам, оның ішінде 8 миллиард 100 миллион доллар тікелей шетелдік инвестиция игерілді. Соның нәтижесінде 318 ірі және 15 мыңнан астам өңірлік жоба жүзеге асырылып, 273 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 

Коронавирустық пандемия әлі де экономикалық процестерге айтарлықтай әсер етуде. Соған қарамастан экспортта тұрақты өсім байқалуда. Атап айтқанда, 2020 жылы Өзбекстан экспорты 9 миллиард доллардан асқан болса, 2021 жылы 12 миллиард доллардан асты. Бір айта кетерлігі, осы аралықта дайын және жартылай фабрикаттардың үлесі айтарлықтай өсті.

Биыл 9,5 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарту, 282 ірі және 9 мыңнан астам өңірлік жобаны іске қосу жоспарлануда. Экспорт көлемі 14 миллиард долларға жетеді деп көзделген.

Мемлекет басшысы әрбір инвестициялық жобаны үнемі қадағалап, бастамашыларға көмек көрсетіп, дер кезінде іске қосуды тапсырды.

Туризм, медицина және машинажасау саласы, облыстар үлесі бойынша Қарақалпақстан Республикасы, Науаи және Хорезм облыстарына шетелдік инвестицияның тарту деңгейі төмен екені атап өтілді. Сондықтан бөлек бағдарламалар жасап, қосымша инвестицияларды бағыттау міндеті қойылды.

Президент өндірістік-өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше көңіл бөліп, жергілікті өнімдердің түрлерін көбейту, бұл тұрғыда кәсіпкерлерді қолдау, ынталандыру жөнінде тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Өзбекстанда тауар өндірмеген жергілікті кәсіпорындардың өнімдері кепілдікпен сатып алынады. Бұл үдеріске әкім көмекшілерін тарту маңызды екені айтылды.

Халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін білім беру, медицина, сумен жабдықтау, жол және басқа да инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу жолында ашықтықты қамтамасыз ету және қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігі сөз болды.

Денсаулық сақтау саласы мен Арал өңірі үшін мақсатты қор сияқты әлеуметтік маңызды салаларға шетелдік гранттарды тарту керектігі айтылды және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу мәселесі де қозғалды.

Мемлекет басшысы жобалық топтарды бірыңғай жүйе мен әдістеме негізінде жұмыс істеуге үйрету қажеттігін айтты.

Өзбекстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 шілдедегі жарлығына сәйкес Стратегиялық даму агенттігі құрылғаны белгілі. Агенттікке инвестиция тартудың және жобаларды іске асырудың стратегиялық мәселелерін зерделеу, инвестициялық қызметтің перспективалық бағыттарын анықтау, халықаралық тәжірибе негізінде экономиканы реформалау және өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.

– Бұл Агенттік инвестицияны кеңейтуге, экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады. Сондықтан шетелден білікті мамандар мен кеңесшілерді тарта отырып, өңірлер мен салаларды стратегиялық дамытудың «жол картасын» әзірлеу қажет, – деді Шавкат Мирзияев.