20 қыркүйек күні елімізге жаңадан тағайындалған бірқатар мемлекеттердің елшілері сенім грамоталарын тапсырды.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев салтанатты рәсімде Үндістан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Смита Пант, Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Вон До Ён, Моңғолияның Төтенше және өкілетті елшісі Дааданхуу Батбаатар, Германия Федератив Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Манфред Хутерер, Израиль Мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Гидеон Лустиг және Еуропалық Одақ елшісі Тойво Клаардан сенім грамоталарын қабылдады.
Мемлекет басшысы шетелдік дипломатиялық өкілдіктер басшыларын Өзбекстандағы жауапты әрі мәртебелі қызметтерінің ресми басталуымен құттықтады.
Бүгінде әлемдегі тұрақсыз және жылдам өзгеріп жатқан кезеңде елшілердің өз мемлекеттерінің мүдделерін ілгерілетіп қана қоймай, халықтар арасындағы достық пен әріптестік қарым-қатынастарды нығайтудағы рөлі артып келе жатқаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы ашық, сындарлы және прагматикалық сыртқы саясаттың нәтижесінде Жаңа Өзбекстанның халықаралық аренадағы беделі мен мәртебесі күшейіп келе жатқанын айтты.
БҰҰ Бас Ассамблеясы Өзбекстанның бастамасымен оннан астам, оның ішінде биылдың өзінде төрт арнайы резолюция қабылдағаны осының дәлелі.
Күрделі жаһандық жағдайға қарамастан, Өзбекстан экономикасы тұрақты дамып келеді, Дүниежүзілік банк биылғы өсім 5,3 пайызды құрайды деп болжап отыр. Халықаралық валюта қорының дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнімі алғаш рет 100 миллиард доллардан асты.
Париждегі жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары жас спортшыларымыздың рекорды мен теңдессіз жетістіктері ел спорт тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы болды.
– Мұның бәрі артқа қайтпайтын кең ауқымды реформаларымыздың нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстан Республикасы «Өзбекстан – 2030» стратегиясына сәйкес демократиялық қоғам құру, экономиканы одан әрі ырықтандыру, өнеркәсіп пен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін кең мүмкіндіктер жасау саясатын жалғастырады.
Сонымен қатар, келесі айда Олий Мажлис пен жергілікті өкілдік органдарға сайлау жаңартылған Конституцияға сәйкес алғаш рет аралас сайлау жүйесі негізінде өтетіні ерекше аталып өтті.
Сонымен бірге, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуін қолдап келе жатқан елдер үкіметтеріне дипломатиялық өкілдіктер басшылары арқылы алғыс білдірілді.
Өз сөзінде Президент Шавкат Мирзиёев Үндістан Республикасының елшісі Смита Пантқа екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік қатынастары көшбасшылардың берік саяси ерік-жігерінің арқасында жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Биылғы жылдың басынан екіжақты тауар айналымы 30 пайызға өскені, бірлескен кәсіпорындар мен әуе қатынастары санының артқаны, туристік алмасудың кеңейіп, өңіраралық байланыстардың қарқынды дамып жатқаны айтылды. Өзбекстанда Үндістан университеттерінің төрт филиалы сәтті жұмыс істеп келеді.
Мемлекет басшысы жақын арада өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу қажеттігін айрықша атап өтті. Сондай-ақ цифрлық экономика, инновациялар, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, фармацевтика, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм және басқа да басым салаларда бірлескен жобаларды көбейтуге ерекше көңіл бөлінді.
Парламентаралық байланыстарды дамыту және «Үндістан - Орталық Азия» форматы бойынша диалогты жалғастыру үшін үлкен мүмкіндіктер бар екені де айтылды.
Өзбекстан басшысы Корея Республикасының Өзбекстан үшін Азия құрлығындағы сенімді дос әрі ерекше стратегиялық серіктес екенін атап өтті.
Президент Юн Сок Ёлдың Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында көпжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Елімізде заманауи өнеркәсіп пен инфрақұрылымды құру мақсатында жоғары технологиялық және инновациялық серіктестік үлгісі енгізілуде.
Өзара сауда көлемі 2,5 миллиард долларды құрауда. 700-ден астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Жаңа инвестициялық жобалар портфелі 10 миллиард долларға жетті.
Өзбекстанда Кореяның жетекші университеттерінің филиалдары, кәсіптік-техникалық білім беру, инновациялар және ақпараттық технологиялар орталықтары ашылды. Мектепке дейінгі білім беру жүйесін енгізу бойынша Кореяның озық тәжірибесі сәтті қолданылып, денсаулық сақтау саласында бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылуда.
– Ташкентте салынған Балалар клиникасы, Корея мәдениеті мен өнері үйі, Сеул бағы мен көшесі біздің достығымыздың жарқын символдарына айналды. 200 мыңға жуық этникалық кәрістерден құралған диаспорамыз елдің дамуына үлкен үлес қосуда, – деді Өзбекстан Президенті.
Корея Республикасының жетекші компанияларымен маңызды минералдар, жартылай өткізгіштер, химия өнеркәсібі, «жасыл» энергетика, машина жасау, «ақылды» ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастық бойынша стратегиялық жоспарларды толық жүзеге асыру қажеттігі, сондай-ақ парламентаралық және өңіраралық байланыстарды жандандыру, гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мен көпжақты ынтымақтастық механизмдерін дамыту маңыздылығы атап өтілді.
Мемлекет басшысы Моңғолия елшісіне, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурелсухтың жуырда Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастарымызда жаңа кезеңді ашқанын атап өтті.
Ташкентте Моңғолияның елшілігі жұмысын бастады. Осы жылдың басынан бері екіжақты сауда көлемі екі есе өсті. Әртүрлі министрліктер мен ведомстволар арасындағы байланыстар жандана түсті.
Қол жеткізілген уағдаластықтарды сөзсіз орындау, атап айтқанда, Мүмкіншілігі мол сауда келісімін қабылдау, пайдалы қазбаларды игеру мен өңдеу саласына қатысу, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, тері, тоқыма, фармацевтика және медицина салаларындағы жобаларды іске асыру, тікелей әуе бағыттарын ашу, білім беру және мәдени бағдарламаларды кеңейту қажеттігі баса айтылды.
БҰҰ, ШЫҰ және басқа да ықпалды халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтудың мақсатқа сай екендігі атап өтілді.
Өзбекстан басшысы әлемнің жетекші елдерінің бірі, орасан зор интеллектуалдық және экономикалық әлеуеті бар Германия Өзбекстанның Еуропадағы маңызды әрі ұзақ мерзімді серіктесі екенін айтты.
Өткен жылы Германияға жоғары деңгейдегі екі сапар, сондай-ақ Федералдық Канцлер Олаф Шольцтің Өзбекстанға жақында болған ресми сапары көп қырлы Өзбекстан-Германия қарым-қатынастары тарихында жаңа дәуір ашқан маңызды оқиға болғаны атап өтілді.
Кейінгі жылдары өзара сауда көлемі мен бірлескен кәсіпорындардың саны екі есеге, тартылған инвестиция 10 есеге өсті.
Германияның жетекші компаниялары және банктерімен жалпы құны 9 млрд еуроны құрайтын бірлескен жобалар дайындалуда.
«Siemens», «Linde», «BASF», «MAN», «CLAAS», «Henkel», «Knauf», «Papenburg», «Deutsche Bahn» және басқа компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту тетіктері енгізілуде. Өндіріс пен технологиялық ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды.
– Бұл ретте мәдени-гуманитарлық, білім беру, көші-қон және туризм салаларында үлкен нәтиже күтеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ жақында Астанада өткен екінші «Орталық Азия – Германия» саммитінде жарияланған өңірлік стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бастамалар да қолдау тапты.
Президент Израиль Өзбекстанның маңызды экономикалық серіктесі екенін атап өтті.
Өткен жылы сауда көлемі екі есеге артты, елімізде израильдік инвестицияның қатысуымен 120-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.
Өзбекстанда ежелден тұрып келе жатқан Бұхара еврейлері әлі күнге дейін халықтарымыздың қарым-қатынасында мазмұнды дәнекер қызметін атқарып келеді.
Президент екіжақты ынтымақтастық үшін зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, инновациялар, «ақылды» ауыл және су шаруашылығы, ресурс үнемдейтін технологиялар, фармацевтика және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірілді.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Таяу Шығыстағы жағдайдың тез арада әділ шешімін табуды, жалпыға бірдей танылған құжаттар негізінде ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуды табанды жақтайтынын растады.
Өзбекстан Президенті Еуропалық Одақ сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктес екенін атап өтті.
Кейінгі жылдары қарым-қатынасымыз тұрақты дамып, мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Биыл дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы атап өтеді.
Жоғары деңгейдегі сапарлар саны артып, бірқатар еуропалық елдермен стратегиялық серіктестік орнап, өткен жылы ЕО елдерімен сауда көлемі 30 пайызға артты.
«Жасыл» экономика, баламалы энергетика, жоғары технологиялық индустрия, инновациялар, минералдық ресурстар, ауыл шаруашылығы, экология, ғылым және білім салаларында ірі бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Жақын арада кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою қарым-қатынастарымызды одан әрі тереңдетуге қызмет ететіні айтылды.
- Еуропалық тараппен саяси диалогты жандандыру, демократиялық институттарды нығайту, адам құқықтары мәселелері бойынша ашық және сындарлы диалогты жалғастыру, экономика, инвестиция және көлік-коммуникация салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа «өсу нүктелерін» табу, азаматтарымыздың баруы мен келуі үшін визалық режимді жеңілдету сынды маңызды бағыттарда бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Өзбекстан Президенті.
Сондай-ақ Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы кеңейіп жатқаны айтылды. Осыған орай, Мемлекет басшысы келесі жылы Самарқанд қаласында «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитін өткізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Салтанатты шара соңында Өзбекстан Президенті жаңадан тағайындалған елшілерге абыройлы қызметтеріне зор табыс тілеп, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелерімен танысу үшін ең шалғай аудандар мен ауылдарды аралап шығуды ұсынды.
Өз кезегінде шетелдік дипломаттар жылы қабылдауға ризашылықтарын білдіріп, бірлескен жобаларды тиімді жүзеге асыруға, көпжақты және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға жасалған жағдайға ризашылықтарын білдірді.