
Солтүстік Ирландиядан келген 90 жастағы әйел Ұлыбританияда коронавирустық вакцинаны қабылдаған алғашқы адам болды. Осылайша Ұлыбритания Батыс елдерінде бірінші болып сейсенбіде халықты жаппай вакцинациялауды бастады.
«Sky News» порталының ақпаратына сай, «Pfizer» / «BioNTech» вакцинасы Эннискилленнен келген Маргарет Кинанға жасалды. Ол таңертеңгі сағат 6: 31-де Ковентри Университетінің ауруханасында вакцинаны алу «құрметіне» ие болғанын айтқан.
Маргарет Кинанның айтуынша, мұндай жағдайда бірінші болу да «артықшылық» және «туған күнге жасалған ең жақсы сыйлық» екенін білдіріп, жаңа жылда отбасыларымен және достарымен көп уақыт өткізе алатындығын жеткізген. Өйткені ол бір жыл жалғыз өзі жасаған. Келесі аптада Маргарет 91 жасқа толады.
Солтүстік Ирландиялық әйел әлемде жаппай вакцинациялау бағдарламасы аясында Pfizer / BioNTech вакцинасын қабылдаған алғашқы жан болды. Осы уақытқа дейін вакцина тек клиникалық сынақтарда енгізілді. 21 күннен кейін Маргарет Кинанға тағы бір мәрте инъекция жасалып, содан кейін оған вакцинация аяқталды деп саналады.
Осылайша Ұлыбритания 8 желтоқсанда халықты коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау бағдарламасын бастаған алғашқы батыс елі болды.
Ұлыбритания «Pfizer» мен «BioNTech» вакцинасынан 40 миллион доза сатып алды, бұл 20 миллион адамға екпе жасауға жетеді. Вакциналардың көп бөлігі келесі жылы келетіні айтылған. Үкімет бірінші кезең аясында 800 мың дозаны қолдануды жоспарлап отыр.