Латвия үкіметі Ресеймен шекаралас аймақтарда төтенше жағдай енгізді.
Елдің үкімет сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, төтенше жағдай 28 қыркүйектен бастап Латвияның Алуксне, Балви және Лудза облыстарында үш ай бойы күшіне енеді. Режим әуежайларға, теңіз және теміржол шекаралық өткелдеріне де қолданылады.
Төтенше жағдайдың енгізілуі шекарада заңсыз көшіп келушілер санының көбею қаупіне қатысты орнаған.
Қазіргі уақытта Латвия мен Ресей шекарасында жағдай тұрақты, тыныш және қатаң бақылауда, бірақ Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін өз елінен кеткісі келетін ресейліктердің саны айтарлықтай өсті. Осы себепті, Латвия-Ресей шекарасында заңсыз көшіп келушілер санының тез өсу қаупі бар. Төтенше шаралардың мақсаты – оған алдын ала дайындалу, – делінген хабарламада.
Еске салар болсақ, Ресей Федерациясында жұмылдыру басталғаннан кейін елдің ЕО елдерімен шекарасын кесіп өткен ресейліктердің саны 30 пайызға артты. Олардың көпшілігі ЕО-ға Финляндия мен Эстония арқылы кіруде.