Италиялық инвесторлардың Өзбекстандағы қызметі кеңейе түспек

ӨР Премьер-Министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков «Berlusconi Finanzaria» инвестициялық қор президенті Паоло Берлускони және «Energy System» компаниясы президенті Роберто Туччимен кездесті.
Министрлік мәліметінше, кездесу барысында итальяндық кәсіпкерлер Өзбекстандағы инвестициялық қызметті құру және кеңейту перспективаларын талқылады.
Италиялық тарап энергетика саласындағы, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша ірі жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, Өзбекстан өңірлерінде шафран өсіру көлемін арттыру жоспарын алға тартқан.
Бұл бағыттағы ынтымақтастық осы өніммен сауда жасайтын өзбек фермерлерінің халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға қызмет етеді.
Кездесу барысында тараптар көзделген жобаларды тез арада жүзеге асыруға қатысты барлық мәселелерді жан-жақты талқылап, жылдам шешімдер үшін ынтымақтастық механизмін әзірледі.