
Өзбекстанда қоғамды дүрліктірген «Док-1 Макс» және «Амбронол» препараттарының зертханалық сынамалары қате жүргізілгені белгілі болды.
Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, «Док-1 Макс» және «Амбронол» препараттары белгіленген тәртіпте зертханалық тексеруден өтпеген.
«Quramax medical» ЖШС әкелген бұл дәрілер «Дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығынан» зертханалық тексеруден өтіп, сәйкестік сертификаттары берілген.
«Алғашқы тергеу барысында «Дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығы» ЖШС жауапты қызметкерлері тарапынан нормативтік құқықтық құжат талаптары өрескел бұзылғаны анықталды. Аталған препараттар белгіленген тәртіпте зертханалық тексеруден өтпегендіктен, сапасыз дәрілердің сатылымға шығуына жол берілген», делінген хабарламада.
Қылмыстық іс аясында күдікті ретінде «Quramax medical» ЖШС-ның 2 басшысы мен «Дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығы» ЖШС-ның 2 жауапты қызметкері МҚҚ тергеу изоляторына қамалған.
Бұған дейін, «Док-1 Макс» және «Амбронол» препараттарының республика аумағында сатылуына тыйым салынған болатын.