English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
ДҮНИЕДЕ НЕ ТӘТТІ?
16:41 / 2020-10-31

Өзбек халық ертегілерінен

Өзбек халық ертегілерінен

Бір жолы Хусейн Байқара патша өзінің отыз тоғыз уәзірлерін жинап алып, сұраған екен:

- Бұл дүниеде не тәтті?

Уәзірлер түрлі тағамдардың аттарын айта бастайды. Тыңдап болған патша, олардың жауаптарына көңілі толмай:

- Таппадыңдар! Ертеңге дейін уақыт беремін. Егер дұрыс жауабын таппайтын болсаңдар, барлығыңның бастарыңды кесемін, - деп қаһарына мініпті.

Амалдары таусылған уәзірлер араларындағы Әлішер Науаидің жақсы досын ақынға жолдапты. Уәзір Әлішер Науаиге келіп көмек сұрайды:

- Достым, бізді құтқар. Билеушіміз бізге қиын жұмбақ айтты: бұл дүниеде не тәтті? Біз дұрыс жауабын таппадық. Ертеңге дейін жұмбақты шешпесек, бәрімізді өлім жазасы күтіп тұр.

- Сендер патшаға былай деп жауап қайтарындар, - деген екен сонда Әлішер Науаи: - Аш адам тамақ талғамайды. Ол кезде не жесе де оған дәмді болып көрінеді. Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес.

Келесі күні уәзірлер Хусейн Байқараның алдында Науаи үйреткендей сайрайды. Бірақ патша оларға сенбейді.

- Өздерің таппадыңдар, сендерге біреу көмектесті. Шындықты айтыңдар, кім шешті жұмбақты? - деп патша талап етеді.

- Әмірші, біз өзіміз шештік, - деп шуылдайды уәзірлер патшаларын сендіргісі келіп.

- Сендерді бір-бірден шығарып, жауап аламыз. Кім шындықты айтпаса басы кесіледі, - деп Хусейн Байқара отыз тоғыз уәзірін зынданға тастауға пәрмен береді.

Жандары шыққан уәзірлер мойындауға мәжбүр болады.

- Әлішер Науаиден сұрадық. Шешімін сол тапты, - дейді олар бастары салбырап.

- Өздерің емес пе кезінде Әлішерге жала жапқан! - деп айқайлайды Хусейн Байқара. - Сендерге сеніп, мен оны сарайдан қудым. Ал енді келіп одан кеңес сұрайсыңдар?! Яғни, сендердің миларың Әлішер Науаисіз дұрыс жұмыс істемейді ғой!

Хусейн Байқара Әлішер Науаиді сарайға шақыртып, ұлы шайырды уәзірлікке қайта тағайындаған екен.

Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ