
Ұлыбритания мен Канада елдері Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына ресми өкілдерін жібермеу туралы шешім қабылдады.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуына байланысты 2022 жылғы Олимпиада ойындарына министрлер де, басқа да шенеуніктер жіберілмейтінін мәлімдеді.
Канада Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуы туралы хабарларға әлі де қатты алаңдайды. Сондықтан біз Бейжіңдегі қысқы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына дипломатиялық өкілдерімізді жібермейміз, - деп жазды Канада премьер-министрі Джастин Трюдо Twitter-де.
Бұған дейін үш мемлекет – АҚШ, Австралия және Жаңа Зеландия Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялаған болатын. АҚШ, Австралия мұны Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуымен байланыстырған болса, ал Жаңа Зеландия пандемияға байланысты осы шешімге келген.
Алдағы уақытта Жапония да Қытайдағы Олимпиадаға бойкот жариялауы мүмкін.