Азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды
Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы жиын өтті
Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы бейнеконференциялы жиын өтті.
Азық-түліктің арзандығы мен жеткіліктілігі қоғамдық келісімнің негізгі факторларының бірі болып табылады. Мұны қамтамасыз ету үшін соңғы 3 жылда тамақ, мал шаруашылығы, жеміс-көкөніс өсіру және ауыл шаруашылығының басқа салаларын дамытуға 28 трлн сумдық несие бөлініп, бірғана мал шаруашылығы саласының өзіне 11 триллион сумдық жобалар жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, коронавирус пандемиясының бағаларға әсерін ескере отырып, негізгі азық-түлік тауарларының импорты осы жылдың сәуір айынан бастап кедендік баж салығынан босатылды. Бірақ соған қарамай, ет, жұмыртқа, өсімдік майы мен қанттың бағасы соңғы уақытта күрт өсті. әлемдік нарықта соңғы тоғыз ай ішінде өсімдік майы 15% -ға, Өзбекстанда 26% -ға өскен. Қанттың бағасы 5% -ға төмендегеніне қарамастан, біздің елде ол 23% -ға көтерілді.
Осы жағдайға орай Мемлекет басшысы жиында: - Егер біз бүгін барлық шараларды қабылдап, қолданыстағы жүйені өзгертпесек, ертең қыс пен көктем кезінде жағдай қиындайды. Сол үшін азық-түлік бағасын төмендететін болсақ, біз адамдарға, әсіресе мұқтаж жандардың разылығына бөленеміз, - деді Шавкат Мирзияев.
Соның негізінде жиында әрбір облыс, аудан және қаланың әкімі келесі жылдың мамыр айына дейін халықтың ет, жұмыртқа, ұн, май, қант, күріш, картоп, сәбіз және пиязға деген қажеттілігін, осы өнімдерді қашан және қайдан алуға болатындығы туралы нақты есебі болуы керек екендігі айтылды.
Енді әр аймақта азық-түлік қауіпсіздігі үшін арнайы қорлар құру жоспарланып, осы жағдайға аудан басшылары кәсіпкерлерді жұмылдырады және қор есебінен жетіспейтін негізгі азық-түлік өнімдерін басқа жерден әкелуді немесе импорттауды ұйымдастырады. Мұндай кәсіпкерлер үшін несие пайызының бір бөлігі Кәсіпкерлікті қолдау қорынан өтеледі.




