
АҚШ президенті Дональд Трамптың вакциналар бойынша кеңесшісі Монсеф Слауи Америкада вакцинация желтоқсанның 11 жұлдызынан басталуы мүмкіндігі жайлы айтты.
Монсеф Слауидің мәлімдеуінше, «Мен вакцина жасауға рұқсат берілгеннен кейін екі күн - 11 немесе 12 желтоқсанда екпе басталуын күтемін», - деген. Өйткені АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек әкімшілігінің консультативтік комитетінің отырысы 10 желтоқсанға жоспарланған. Ол осы кездесуде вакцина мақұлданғаннан кейін 24 сағат ішінде оны вакцинация алаңдарына жіберуге болатындығына үміт артуда.
Бұған дейін, АҚШ-тың «Moderna» фармацевтикалық компаниясының бас директоры Стефан Бансель компания жасаған вакцинаның бағасын жариялап, вакцинаның бір дозасының құны Еуропа елдері үшін тапсырыс мөлшеріне байланысты 25-тен 37 долларға дейін екенін айтқан. Ал, осы компанияның «mRNA-1273» коронавирустық вакцинасы клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінде 94,5 пайыз тиімді екенін көрсетті.