
2021 жылдың желтоқсан айында өткен Стратегиялық әріптестік диалогының бірінші отырысында қол жеткізілген келісімдерге сәйкес Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов бастаған делегация осы жылдың 6-9 наурызында АҚШ-та болды.
СІМ мәліметінше, Өзбекстан Сыртқы істер министрі Вашингтонға сапары барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар Өзбекстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл және стратегиялық серіктестіктің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар алмасты. Министр А.Камилов пен Мемлекеттік хатшы Э.Блинкен Өзбекстан-АҚШ қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен болашағын, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде көршілес Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайды талқылады. «С5+1» форматы шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастықтың практикалық аспектілеріне ерекше назар аударылды.
Өзбекстан делегациясы АҚШ-та болған сапарында АҚШ әкімшілігінің өкілдері, Конгресс мүшелері, америкалық бизнес пен ғылыми ортаның өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Сондай-ақ Америка-Өзбекстан Сауда палатасының өкілдері, Халықаралық білім жөніндегі Америка кеңесі, Джордж Вашингтон университеті, Техас A&M университеті, Калифорниядағы Беркли университетінің басшылығы және сарапшыларымен кездесулер өтті.
Сонымен қатар, 2022 жылдың 24-26 наурызында өтетін Бірінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумына (TICIF) американдық компаниялардың кеңінен қатысуы туралы келісімге қол жеткізілді.