Өзбекстандық актер Санкт-Петербургтегі халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды
Санкт-Петербургте өткен VII халықаралық «Лендок» кинофестивалінде өзбекстандық актер Ұлықбек Қодиров «Үздік актер» номинациясында жеңімпаз атанды.
Актер бұл марапатқа режиссер Акбар Бектурдиевтің «Өзбек арыстаны» тарихи-әскери драмасындағы басты рөлі үшін ие болды. Фильм кейбір халықаралық көрсетілімдерде «Казбек» атауымен де ұсынылған.

Туынды Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Беларусь аумағындағы партизан қозғалысына қатысып, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Мамадали Топволдиевтің өмірі мен жауынгерлік жолын баяндайды.

Фильмде ауылдан шыққан жігіттің соғыс жылдарындағы тағдыры, партизандар қатарына қосылуы, жау тылындағы операцияларға қатысуы және соғыстан кейінгі өмірі суреттеледі. Ұлықбек Қодиров Мамадали Топволдиевтің бейнесін сомдаған.

«Өзбек арыстаны» — Өзбекстан мен Беларусь кинематографистерінің бірлескен жобасы. Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы — Акбар Бектурдиев. Сценарий Журабек Рузметов және Игорь Костеченкомен бірлесіп жазылған.
Туындының қоюшы операторы — Хусан Алижонов, қоюшы суретшісі — Акмал Саидов. Фильмде Ұлықбек Қодировпен бірге Дирк Мартенс, Фатих Насимов, Лола Усманова және Адхам Акрамов та рөл сомдаған.
Санкт-Петербургте өткен фестивальге әртүрлі елдерден кино саласының өкілдері қатысып, көрермен назарына түрлі жанрдағы фильмдер ұсынылды.