Өзбекстанда жасанды интеллектке негізделген заң қызметтері жолға қойылады
Өзбекстан Республикасының Әділет министрлігі, Ташкент мемлекеттік заң университеті және Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (KOICA) еліміздегі өкілдігі арасында «Өзбекстанда жасанды интеллект негізінде заң қызметтерін көрсету ортасын қалыптастыру және кадрлық әлеуетті дамыту» жобасы бойынша талқылау хаттамасына қол қойылды.
Қол қою рәсіміне Әділет министрі Акбар Ташқулов, агенттіктің елдегі өкілдігі директоры Шин Мён Сеоп, университет ректоры, профессор Бахшилло Хужаев және тиісті ұйымдар өкілдері қатысты.
2026–2030 жылдарға жоспарланған жобаның жалпы құны 14,5 миллион долларды құрайды. Бастама елдегі заң қызметтерін цифрлық тұрғыда жаңғыртуға, сондай-ақ цифрлық құқық саласындағы мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу арқылы азаматтарға көрсетілетін заң қызметтерінің сапасын арттыру, олардың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Әділет министрі бұл жоба жай ғана құжат емес, заң қызметін заманауи, ашық әрі халыққа қолжетімді ететін ұзақ мерзімді әріптестіктің бастауы екенін атап өтті. Оның айтуынша, әділет жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу стратегиялық маңызға ие.
KOICA өкілдігі директоры Шин Мён Сеоп бұл жоба Оңтүстік Корея мен Өзбекстанның құқық саласындағы цифрлық жаңғыруға қатысты ортақ мақсаттарын білдіретінін айтты. Оның сөзінше, болашақта құрылатын платформа заңнаманы, сот тәжірибесін және ғылыми материалдарды бір жүйеге біріктіреді. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде заңдық кеңес беру, құжат дайындауға көмектесу және сот тәжірибесін талдау қызметтері іске қосылады.
Ташкент мемлекеттік заң университетінің ректоры Бахшилло Хужаев бұл бастама заңгерлік білім беру жүйесінде жаңа кезеңнің басталуына негіз болатынын атап өтті. Оның пікірінше, оқу орны заманауи құқықтық орта талаптарына сай, цифрлық дағдылары жоғары әрі кәсіби жауапкершілігі бар мамандар даярлауға белсенді қатысады.
Жоба аясында халық үшін ашық, инновациялық және заманауи заң қызметтері ортасын қалыптастыру көзделген.