Өзбекстанда жаңа буын басқарушыларын даярлаудың жаңа жүйесі енгізіледі
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев дарынды басқарушылар, көшбасшылар мен жаңа буын басшыларын анықтау және оларды іріктеу, сондай-ақ «Эл-юрт умиди» (Ел-жұрт үміті) қоры арқылы талантты жастарды қолдау шараларына арналған тұсаукесермен танысты.
Бүгінде Өзбекстан зияткерлік әлеует пен жоғары технологияларға негізделген жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. Елге жыл сайын 50 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартылып, экспорт көлемі 40 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар заманауи кәсіпорындар іске қосылып жатыр.

Осындай жағдайда кәсіби мемлекеттік қызмет пен бәсекеге қабілетті экономиканы қамтамасыз ететін кадрларды алдын ала даярлау стратегиялық маңызға ие екені атап өтілді.
Соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде кадрларды іріктеу мен бағалау үдерісі жүйелі түрде цифрландырылды. Алғаш рет 87,7 мың мемлекеттік қызметкердің бірыңғай электрондық дерекқоры қалыптастырылды. Мемлекеттік қызметке қабылдау ашық конкурс арқылы, ал үміткерлердің білімі мен дағдылары адам факторынсыз бағаланып отыр.

Таныстырылым барысында жасанды интеллекттің көмегімен салалар мен өңірлердің негізгі даму бағыттары талданып, 50-ден астам заманауи мамандық бойынша басқарушы кадрларға сұраныс бар екені анықталғаны айтылды. Әсіресе энергетика мен «жасыл» технологиялар, құрылыс және урбанизация, ауыл және су шаруашылығы, цифрландыру мен қызмет көрсету салаларында білікті мамандарға сұраныс жоғары.
Мемлекет басшысы білікті кадрлар резерві болмаса, мемлекеттік басқару жүйесінде іркілістер туындап, жұмыс тиімділігі мен қабылданатын шешімдердің сапасы төмендеуі мүмкін екенін атап өтті.

Кадрларды бағалау кезінде ескі «объективка» тәсілінен бас тартып, үміткердің білімі, кәсіби тәжірибесі, психологиялық ерекшеліктері, стратегиялық ойлау қабілеті мен көшбасшылық қасиеттерін қамтитын портфолио жүйесіне көшу қажеттігі айтылды.
Жаңа тәртіпке сәйкес, болашағынан үміт күттіретін басқарушылар цифрлық технологиялар негізінде 100 балдық жүйе бойынша бағаланады. Үлкен деректер мен бизнес-талдау құралдарының көмегімен әлеуеті жоғары кадрлар анықталып, олар үшін жасанды интеллект арқылы жеке кәсіби даму жоспарлары әзірленеді. Бұл жүйені алдымен ауыл шаруашылығы, жоғары білім және құрылыс салаларында сынақтан өткізу ұсынылды.
Жоспар бойынша әр екі жыл сайын 500 көшбасшы басқарушы іріктеліп, 2030 жылға дейін 1,5 мың жоғары әлеуетті маманнан тұратын жаңа буын басшылар резерві қалыптастырылады.
Таныстырылым барысында басшылық лауазымдарға резервті ашық әрі әділ қалыптастыруға арналған «ТОП-100» ашық байқауын өткізу тетігі де таныстырылды. Байқау аграрлық сектор, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, сот-құқық жүйесі, білім беру, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект бағыттарын қамтиды.
Үміткерлер тестілеуден, кешенді кәсіби бағалаудан және сұхбат кезеңдерінен өтеді. Жеңімпаздар арнайы оқу бағдарламалары бойынша даярланып, ұлттық кадрлық резервке енгізіледі. Сонымен қатар олардың кәсіби өсуі мен басшылық қызметтерге тағайындалуына бағытталған нақты шаралар қабылданады.
Ұлттық кадрлық резервті қалыптастыру барысында шетелде тұратын отандастардың, сондай-ақ әлемнің ең үздік 100 университетінде білім алған немесе оқып жүрген жастардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды екені атап өтілді.
Осы мақсатта 2026 жылғы 1 қазаннан бастап career.edu.uz платформасында «Шетелдегі студенттер» модулін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жүйе арқылы шетелде білім алып жүрген жастар мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындарға бекітіліп, олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне, жұмыс берушілермен байланыс орнатуына және кейін жұмысқа орналасуына жағдай жасалады.
Жиында «Ел-жұрт үміті» қорының қызметін жетілдіру мәселелері де қаралды. Өткен жылы қордың жұмысы жаңғыртылып, соның нәтижесінде әлемнің ең үздік 100 университетінде білім алып жатқан стипендиаттардың үлесі 30 пайыздан 80 пайызға дейін өсті. Ал биыл жаңа тәртіп бойынша өткізілген үш конкурс қорытындысында 447 дарынды жас шәкіртақы иегері атанды.
Сонымен қатар қор бағдарламаларын өңірлер мен салалардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу қажеттігі айтылды. Дарынды жастарды шетелдік жоғары оқу орындарында мақсатты түрде даярлау, оқу шығындарын ірі кәсіпорындармен бірлесіп қаржыландыру және беделді шетелдік университеттермен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу жөнінде ұсыныстар берілді.
Бұдан бөлек, түлектердің ғылыми зерттеулері, стартаптары мен реформаларға бағытталған бастамаларын шағын гранттар арқылы қолдау, сондай-ақ жоғары буын басшылары үшін Сингапур, Малайзия, Ұлыбритания және Жапония тәжірибесіне негізделген көшбасшылық бағдарламаларын ұйымдастыру жоспарлары қарастырылды.
Мемлекет басшысы кадрларды іріктеу барысында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, дарынды мамандарды жүйелі түрде қолдау және олардың әлеуетін елдің дамуына тиімді пайдалану жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.