Өзбекстанда қалаларды жоспарлау жүйесі толық цифрлық форматқа көшіріледі
Президент Шавкат Мирзиёев урбанизация және қала құрылысы саласында жүзеге асырылып жатқан реформалардың тиімділігін арттыру жөніндегі тұсаукесермен танысты.
Кейінгі жылдары елімізде қала тұрғындарының үлесі 50 пайыздан асып, алдағы жылдары бұл көрсеткіштің одан әрі өсуі күтіліп отыр. Халық саны мен құрылыс қарқынының артуы қала құрылысы жоспарларын заманауи талаптар негізінде әзірлеуді, жасыл аймақтарды сақтауды, тарихи-мәдени мұраны қорғауды, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымын үйлесімді дамытуды өзекті мәселеге айналдыруда.
Қазіргі таңда республикадағы 8 мың 604 елді мекеннің 2 мың 506-сы немесе 29 пайызы бас жоспарлармен қамтылған. 2026 жылы тағы 154, ал 2027 жылы 144 елді мекен үшін бас жоспар әзірлеу көзделген. Қолданыстағы бас жоспарлардың 1 мың 44-і электронды форматқа көшірілген.
Сонымен қатар, жекелеген аумақтарды дамыту бойынша 2024–2025 жылдары 275 мастер-жоспар әзірленгенімен, олардың бірыңғай есебі жүргізілмеген және бас жоспарлармен өзара байланыстырылмаған. Бұл аумақтарды кешенді дамыту, инфрақұрылым, көлік, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандарды үйлесімді жоспарлау барысында бірқатар мәселелер туындатып отыр.

Осыған байланысты бас жоспарлар және мастер-жоспарлармен жұмыс істеудің жаңа жүйесі ұсынылды. Оған сәйкес, бірінші кезеңде бас жоспарларға қатысты барлық мәліметтер жинақталып, жаңартылады, екінші кезеңде цифрландыру жұмыстары жүргізіледі, үшінші кезеңде мониторинг жүйесі іске қосылады, ал төртінші кезеңде кешенді ақпараттық-талдау жүйесі қалыптастырылады.
Осылайша қала құрылысы құжаттарының бірыңғай электронды тізілімі жүргізіледі. Тізілімге енгізілмеген құжаттардың заңды күші болмайды. Урбанизация орталығына қала құрылысы геоақпараттық жүйесін жүргізу, кешенді құрылыс үдерістеріндегі топогеодезия жұмыстарын үйлестіру және аумақтық сәулет-жоспарлау кеңестерінің қызметін әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету сияқты қосымша міндеттер жүктеледі.
Қазіргі таңда урбанистика, геодезия, кадастр, жобалау, агломерацияларды басқару және геоақпараттық жүйелермен жұмыс істей алатын орта және жоғары буын мамандарына сұраныс артып келеді.
Осыған орай, Ташкент геодезия және картография техникумын Урбанистика, геодезия және кадастр техникумы ретінде қайта ұйымдастыру ұсынылды. Мұнда өлшеуші мамандар, кадастр және геодезия саласының қызметкерлері, компьютерлік графика дизайнер-операторлары және компьютерлік кадастр бағдарламалары бағытындағы кадрлар даярланады.
Жоғары білім беру жүйесінде Ташкент сәулет-құрылыс университетінде «Заманауи урбанистика және агломерацияларды басқару» факультетін ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ барлық өңірлерде урбанистика, жобалау және сәулет салаларын бір орталыққа біріктіретін креативті парктер құру ұсынылды. Онда зертханалар, конструкторлық шеберханалар, бағдарламалық қамтамасыз ету орталықтары, жобалау қызметтері, бейімдеу бағдарламалары, кәсіби байланыс алаңдары мен коворкинг кеңістіктері жұмыс істейді. Креативті парк резиденттеріне жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша жеңілдіктер беру көзделген.

Таныстырылым барысында қала құрылысы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі де қаралды. Заңсыз және рұқсатсыз құрылыстар, құрылыс мерзімдерінің жасанды түрде созылуы, жер учаскелерін тиімсіз пайдалану сияқты түйткілдердің әлі де сақталып отырғаны атап өтілді.
Қолданыстағы айыппұлдардың әсері жеткіліксіз екені көрсетілді. 2025 жылы 1 мың 952 заңсыз құрылыс нысаны анықталған. Осыған байланысты құқық бұзушылықтар үшін қаржылық санкцияларды күшейту ұсынылды.
Үлестік қатысу негізінде көпқабатты тұрғын үйлер салу саласындағы жағдай да талданды. Соңғы жылдары мұндай тұрғын үйлер құрылысының көлемі 2,5 есеге артып, өткен жылы 11 миллион шаршы метрден асты. Сонымен қатар, үлестік құрылысқа байланысты құқық бұзушылықтар саны да көбейген. Тек өткен жылдың өзінде 3 мыңға жуық азаматқа 668 миллиард сум көлемінде залал келтірілген.
Осыған байланысты үлестік құрылыс туралы заң жобасы әзірленді. Онда үлестік құрылыс жобаларын жаңа тәсілдер негізінде реттеу, азаматтардың қаражатын қорғау және құрылыс үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделген.
Үлестік құрылысты қаржыландырудың жаңа жүйесі – эскроу-шоттар механизмі де талқыланды. Бұл жүйеге сәйкес, сатып алушылардың қаражаты уәкілетті банктегі арнайы шотта сақталып, құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес орындалғаннан кейін ғана құрылыс салушыға аударылады.
Эскроу жүйесі төрт негізгі қағидаға негізделеді. Біріншіден, эскроу-шоттардағы қаражат кредиторлардың өндіріп алуына жатпайды. Екіншіден, инвесторлар мен құрылыс салушылар тек уәкілетті банктер арқылы жұмыс істейді. Үшіншіден, нысанды қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін ғана қаражат құрылыс салушыға беріледі. Төртіншіден, келісімшарт бұзылған жағдайда үлескердің қаражаты толық көлемде қайтарылады.

Жаңа жүйеде «Uy-joy» (Тұрғын үй) бірыңғай ақпараттық платформасы маңызды рөл атқарады. Бұл платформада барлық құрылыс үдерістері ашық электронды форматта жүргізіліп, девелоперлер рейтингі, рұқсат құжаттары, жобалар, құрылыс барысы, эскроу-шоттар мен келісімшарттарға қатысты ақпараттар бір жерге жинақталады.
Таныстырылымда қазіргі таңда бір құрылыс нысанына қатысты мәліметтердің бірнеше ақпараттық жүйеде бөлек жүргізілетіні де айтылды. «UzKad», «E-auksion», «E-qaror», «Шаффоф қурилиш», «Менинг уйим» секілді жүйелердегі деректер өзара байланыстырылмағандықтан, жер учаскесінен бастап жобалық құжаттама, сараптама, құрылысқа рұқсат алу және нысанды пайдалануға беру кезеңдеріне дейінгі ақпараттар шашыраңқы күйде қалып отыр.
Осыған байланысты құрылыс үдерістеріне бірыңғай идентификатор, аумақтың цифрлық паспорты, жобаның цифрлық паспорты және нысанның цифрлық паспорты енгізу ұсынылды. Бұл құрылыс нысанының бүкіл өмірлік циклін бірыңғай цифрлық жүйеде бақылауға мүмкіндік береді.
Қала құрылысын жаңғырту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Республикада 1991 жылға дейін салынған 17 мың тұрғын үйдің орнына заманауи, энергия үнемдейтін және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген көпқабатты үйлер салу мүмкіндігі бар екені айтылды.
Осы уақытқа дейін реновация үдерістерін реттейтін бірыңғай заң болмаған. Сондықтан қала құрылысын жаңғырту туралы жаңа заң жобасы әзірленді. Онда реновация аумақтарын белгілеу, тұрғындардың келісімін алу, өтемақы төлеу және көшіру тәртібі, инвесторлардың міндеттері мен мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты айқындау қарастырылған.
Реновация жобалары арқылы ескірген тұрғын үй қорын жаңарту, халық үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңғырту, жасыл аймақтар мен әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту көзделген.
Мемлекет басшысы қала құрылысы мен урбанизация саласындағы реформалар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және орнықты даму қағидаттарына негізделуі қажет екенін атап өтті.
Жауапты тұлғаларға бас жоспарлар мен мастер-жоспарларды цифрландыру, «Uy-joy» бірыңғай платформасын іске қосу, үлестік құрылыста азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, эскроу механизмдерін енгізу және реновацияға қатысты нақты әрі әділ тәртіптерді қалыптастыру жөнінде тапсырмалар берілді.