Өзбекстанда мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесі жаңартылады
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік азаматтық қызметшілердің еңбекақы жүйесі мен еңбекке ақы төлеу шарттарын біріздендіруге бағытталған ұсыныстардың тұсаукесерімен танысты.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет саласында кадрларды іріктеу, жұмысқа қабылдау және қызметкерлерді ынталандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылды.
Мемлекеттік азаматтық қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың қызметінің негізгі қағидаттарын айқындайтын арнайы заң қабылданды. Мемлекеттік органдардағы басқарушы қызметкерлердің штат бірліктері 2016 жылғы 73 мыңнан 54 мыңға дейін оңтайландырылды.
Таныстырылым барысында қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесінде әлі де сақталып отырған теңгерімсіздіктер жан-жақты талданды.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің жалақы құрылымындағы лауазымдық жалақының үлесі 15 пайыздан аспайды. Ал еңбекақы қорының 70 пайызына дейін қызметкердің нақты жұмыс нәтижесіне тікелей байланысты емес түрлі үстемақылар, сыйақылар және ынталандыру төлемдері құрайды.
Соның салдарынан бірдей лауазымда жұмыс істеп, ұқсас міндеттерді атқаратын қызметкерлердің жалақысында елеулі айырмашылықтар қалыптасқан. Кейбір министрліктер мен ведомстволардың аумақтық бөлімшелеріндегі қызметкерлердің еңбекақысы облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктердегі дәл сондай лауазым иелерінің жалақысымен салыстырғанда теңдік қағидаттарының толық сақталмай отырғаны атап өтілді.
Сондай-ақ еңбекақы төлеу жүйесін реттейтін бірыңғай құқықтық құжаттың жоқ екені айтылды. Қазіргі кезде көптеген мемлекеттік органдарда еңбекке ақы төлеу шарттарын айқындайтын 50-ден астам жеке нормативтік құжат қолданылады.
Осыған байланысты мемлекеттік азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай, ашық әрі нақты нәтижеге негізделген жүйесін енгізу ұсынылды.

Жаңа жүйемен 54 мың мемлекеттік қызметшіні қамту көзделіп отыр. Мемлекеттік органдар ұлттық, республикалық, өңірлік, аудандық және қалалық деңгейлерге бөлінсе, қызметкерлер атқаратын міндеттеріне қарай әкімшілік-басқару, негізгі және қолдау көрсетуші топтарға жіктеледі.
Халықаралық тәжірибе негізінде 11 разряд пен 6 сатыдан тұратын жаңа еңбекақы кестесін енгізу ұсынылды. Оннан астам түрлі үстемақы мен сыйақының орнына ынталандыру төлемдерінің үш негізгі түрі енгізіледі.
Атап айтқанда, қызметкердің біліктілік деңгейіне, функционалдық міндеттерін орындауына, атқарушылық және еңбек тәртібіне, бастамашылдығына қарай бағаланатын тиімділік көрсеткіштері — KPI негізінде үстемақы төленеді.
Сонымен қатар маңызды әрі күрделі міндеттерді сапалы орындаған, инновациялық тәсілдерді енгізген және жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерге есепті кезеңнің қорытындысы бойынша бонус төлеу қарастырылады.

Өңірлік басқармалар қызметкерлерінің жалақысы тиісті әкімдіктердегі ұқсас лауазым иелерінің еңбекақысынан жоғары болмайды. Ал аудан мен қалаларда жалақы мөлшері мен штат бірліктерін белгілеу кезінде халық саны және өңірдің өзіндік ерекшеліктері ескеріледі.
Ең бастысы, әрбір мемлекеттік қызметші жалақысының қалай қалыптасатынын, қандай нәтижелер үшін үстемақы немесе бонус алатынын алдын ала біле алады. Бұл қызметкерлердің еңбек өнімділігін, бастамашылдығын және жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы еңбекақы төлеу жүйесінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ жалақы мөлшерін қызметкердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және қол жеткізген нәтижелеріне байланыстырудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ бонус төлемдері қызметкердің озық ақпараттық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект құралдарын меңгеруі, заманауи білім мен дағдыларды игеруі, тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін арттыруы сияқты нақты өлшемдер негізінде төленетін болады.