Өзбекстан жаһандық су қауіпсіздігі бастамасына қосылды
Өзбекстан жаһандық су қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық бастамаға қосылды.
Экономика және қаржы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Вашингтон қаласында өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының көктемгі жиындары аясында «Water Forward» жаһандық бастамасы ресми түрде іске қосылғаны айтылған. Аталған бастама 2030 жылға дейін 1 миллиард адамды су қауіпсіздігімен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Оған Өзбекстан да қосылды.
Іс-шараға Дүниежүзілік банк тобының президенті Ажай Банга, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, халықаралық қаржы институттарының басшылары, әртүрлі мемлекеттердің өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты.
Әлемдік деңгейде аса маңызды саналатын «Water Forward» бастамасы су ресурстарын тиімді пайдалану, су инфрақұрылымын жаңғырту, құрғақшылық пен су тасқыны қаупіне төзімділікті арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар ол азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және экономикалық өсімді ынталандырудың маңызды факторы ретінде қарастырылады.
Бастама аясында қатысушы мемлекеттер су шаруашылығы саласындағы реформаларды жеделдету, институттардың әлеуетін күшейту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін халықаралық қаржы институттарымен, үкіметтермен және жеке секторлармен кең ауқымды ынтымақтастық орната алады.
Жобаның негізгі құралдарының бірі ретінде ұлттық су пактілері әзірленеді. Бұл құжаттар арқылы әр мемлекет су саласындағы басым міндеттерін айқындап, оларды жүзеге асыруға қажетті қаржылық және институционалдық ресурстарды тартады.
Іс-шара барысында «Water Forward» бастамасына қосылған алғашқы 14 елдің тізімі жарияланды. Олардың қатарында Өзбекстан да бар. Ел Дүниежүзілік банк тобымен бірлесіп ұлттық су пактін әзірлеген.
Аталған құжат «Өзбекстан–2030» стратегиясының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Ол су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, ирригациялық жүйедегі шығындарды азайту, халықты таза ауыз су және санитарлық қызметтермен қамту, сондай-ақ су ресурстарын басқаруды цифрландыруды көздейді.
Атап айтқанда, 2030 жылға дейін кемінде 3,8 миллион тұрғынды су қауіпсіздігімен қамтамасыз ету, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, су жоғалтуды 25 пайызға қысқарту және салаға ірі инвестициялар тарту жоспарланған.