Өзбекстан Президенті Тоскана облысының губернаторын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 14 шілде күні елімізге жұмыс сапарымен келген Италияның Тоскана облысының губернаторы Эудженио Джани бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесу барысында Өзбекстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті, ең алдымен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Тараптар барлық деңгейдегі екіжақты диалогтың жанданып, өзара ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Биылғы жылдың басынан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 25 пайызға артқан. Өзбекстанда металлургия, энергетика, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі және экономиканың басқа да салаларында Италияның жетекші компанияларының қатысуымен бірқатар жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр.
Кездесуде Өзбекстан мен Тоскананы ғасырлар бойғы тарихи әрі мәдени байланыстар біріктіретіні ерекше аталып өтті. Ұлы Жібек жолы дәуірінде Флоренция мен Өзбекстанның көне қалалары арасында қызу сауда жүргізілген, ал флоренциялық саудагерлер мен дипломаттар Әмір Темірдің сарайында қабылданған.

Бүгінде Ташкент қаласында Пиза университетінің филиалы табысты жұмыс істеп келеді. Биыл аталған оқу орны еңбек нарығына алғашқы түлектерін шығарады. Сонымен қатар Прато қаласында өзбек тоқыма өнімдерінің сауда үйі жұмыс істейді. Ал 2024 жылы Флоренциядағы Уффици галереясында Өзбекстан авангард өнерінің көрмесі ұйымдастырылған болатын.
Тараптар Тоскана өңірімен тоқыма, былғары және аяқ киім өндірісі, азық-түлік пен зергерлік өнеркәсіп, құрылыс, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Сондай-ақ Тоскана мен Бұхара облысы арасындағы серіктестік байланыстардың дамуы және өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны жоғары бағаланды.

Кездесу соңында Тоскана мен Өзбекстан өңірлері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірлескен «жол картасын» әзірлеп, қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді.
Айта кетейік, Тоскана – Италияның экономикалық тұрғыдан ең дамыған өңірлерінің бірі. Ол қуатты өнеркәсібімен, жоғары технологиялық өндірісімен, заманауи ауыл шаруашылығымен, әлемге әйгілі шарап өндірісімен және туризм саласымен танымал.
Өңірдің әкімшілік орталығы – Флоренция қаласы әлемдік мәдениет, ғылым және өнердің дамуына зор үлес қосқан Қайта өрлеу дәуірінің мойындалған «бесігі» саналады.