Өзбекстан Президенті АҚШ сенаторын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 5 қараша күні Вашингтон қаласына жұмыс сапары аясында өзіне бөлінген резиденцияда АҚШ Сенатындағы Орталық Азия жөніндегі кокустың теңтөрағасы, сенатор Стив Дэйнсті қабылдады.
Кездесуде Өзбекстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастарын одан әрі нығайту және көпқырлы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы парламенттер арасындағы байланыстарға, әсіресе Сенаттағы Орталық Азия жөніндегі кокустың қызметіне жоғары баға берді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Өзара сауда айналымы өсіп келеді, ал АҚШ-тың жетекші компанияларымен бірлескен табысты жобалардың саны артуда.

Кейінгі айларда рекордтық көлемдегі келісімдер мен шарттар жасалды. Осы сапар барысында жаңа экономикалық құжаттарға да қол қойылуы жоспарланған. АҚШ Конгресінің бұл келісімдердің жүзеге асуына қолдау көрсетуі маңызды екені атап өтілді.
Сондай-ақ сенатор Стив Дэйнс өкілдік ететін Монтана штаты мен Өзбекстан арасындағы белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға ерекше назар аударылды. Штаттың іскерлер делегациясының Өзбекстанға сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесуде тараптар өзара қызығушылық тудыратын өзекті халықаралық және аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасты.