Өзбекстан мен Венгрия атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Өзбекстан мен Венгрия атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кейінгі уақытта едәуір нығайтып келеді. Бұл бағыттағы серіктестік заманауи технологияларды енгізуге, өндірісті жергіліктендіруге және саланың технологиялық әлеуетін арттыруға жол ашуда.
«Узатом» агенттігінің мәліметінше, Венгрияның «MVM EGI Zrt.» мемлекеттік компаниясы делегациясымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесуде атом электр стансасына арналған құрғақ салқындату жүйелерін енгізу, өндірісті жергіліктендіру және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Келіссөздер барысында тараптар құрғақ салқындату технологиялары негізінде нысанды жобалау, сондай-ақ қажетті бөлшектерді Өзбекстан аумағында өндіру мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл қадам жергілікті өнеркәсіптің әлеуетін арттырып, отандық өндірушілердің жобаға қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тараптар атом электр стансасында құрғақ салқындату жүйесін енгізу жөніндегі келісімшарт бойынша келіссөздерді қорытынды кезеңге жеткізу және қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесуде аталған технологиялардың елдегі су ресурстарын үнемдеу тұжырымдамасына толық сәйкес келетіні, сондай-ақ Өзбекстанның климаттық және экологиялық ерекшеліктеріне бейімделген заманауи технологиялық шешімдерді қолдануға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Венгрия делегациясы «Узатом» агенттігімен қалыптасқан ашық әрі нәтижелі диалогқа жоғары баға беріп, Өзбекстанда атом энергетикасын орнықты дамытуға бағытталған озық технологияларды енгізу бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Бұл жағдай «Узатом» агенттігі мен «MVM EGI Zrt.» компаниясы арасындағы ынтымақтастық өзара түсіністік туралы меморандум негізінде жүзеге асырылуда. Құжатта құрғақ салқындату технологияларын енгізу, өндірісті жергіліктендіру, жоғары білікті мамандар даярлау және Өзбекстанның климаттық жағдайына бейімделген заманауи технологияларды ірі және шағын қуатты атом электр стансаларында қолдану көзделген.