Өзбекстан мен Түркіменстан арасында тікелей әуе қатынасы қайта жандануы мүмкін
Өзбекстан мен Түркіменстан көлік-логистикалық байланыстарды одан әрі дамыту, халықаралық тасымалдардың тиімділігін арттыру және ұлттық тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқылады.
Өзбекстан мен Түркіменстан арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайтудың маңызды бағыттарының бірі саналады. Әсіресе, автомобиль және теміржол тасымалдарын дамыту, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету және жаңа көлік дәліздерін қалыптастыруға басымдық берілмек.
Осы мәселелер Өзбекстанның көлік-логистика саласының өкілдері мен Түрікменстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Шадурды Мередовтың қатысуымен өткен кездесуде талқыланды.
Келіссөздерге Көлік және логистиканы дамыту мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бекзод Холматов, Сыртқы істер министрлігінің, Өзбекстан халықаралық автомобиль тасымалдаушылары қауымдастығының өкілдері, ұлттық тасымалдаушылар мен көлік-экспедиторлық компаниялардың басшылары қатысты.
Кездесуде екі ел арасындағы автомобиль және теміржол тасымалдарын жеделдету, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету және логистикалық шығындарды азайту бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, жүргізушілерге визаларды электронды түрде рәсімдеу және төлем үдерістерін оңтайландыру, «Фарап–Олот» шекара бекетіндегі кезекті қысқарту және күту уақытын азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар тез бұзылатын өнімдерді тасымалдауға арналған арнайы көлік дәлізін құру, бейтарап аумақта екінші көпір салу, Түркіменбашы порты арқылы автомобиль және теміржол тасымалдарын кеңейту маңызды міндеттер ретінде атап өтілді.
Тараптар салмақ және габариттік шектеулерді қайта қарау, сондай-ақ Өзбекстан–Түркіменстан арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру мәселесін де талқылады.
Ұсыныстардың іске асырылуы екі ел арасындағы жүк тасымалы көлемін арттырып, транзиттік дәліздерді тиімді пайдалануға, кәсіпкерлердің уақыты мен шығынын үнемдеуге және өңірлік логистикалық тізбектерді нығайтуға мүмкіндік береді.
Түркімен тарапы айтылған ұсыныстарды зерделеп, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізуге дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында Өзбекстан мен Түркіменстан арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде жалғастыру, тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау және қолданыстағы логистикалық кедергілерді кезең-кезеңімен жою жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Тиімді көлік дәліздерінің жұмыс істеуі екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, Өзбекстанның Каспий теңізі арқылы Еуропа және басқа да халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге де ықпал етеді.