Өзбекстан мен Сауд Арабиясының СІМ басшылары кездесу өткізді
Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Эр-Рияд қаласында Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрі Файсал бен Фархан Әл Саудпен кездесті.
Бұл туралы СІМ басшысы өз Telegram-арнасында хабарлап, Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрімен кездесуде өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал, сондай-ақ диалог пен дипломатияның маңызы жөнінде жан-жақты пікір алмасқан.
«Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің атынан Қос Қасиетті мешіттің Қамқоршысы, Сауд Арабиясы Королі Салман бен Абдулазиз Әл Сауд пен Тақ мұрагері, Премьер-министр Мұхаммед бен Салман Әл Саудке жолданған сәлем мен ізгі тілектер жеткізілді», - делінген хабарламада.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын атап өтіп, мемлекет басшылары қалыптастырған берік әрі ұзақ мерзімді негізге сүйенген серіктестіктің тереңдей түскенін ерекше атап өткен.
Сондай-ақ, қос тарапта жақын ықпалдастықты сақтай отырып, жан-жақты серіктестікті одан әрі нығайту үшін бірлескен күш-жігерді жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізген.