Өзбекстан мен Қытай «жасыл» энергетиканы дамыту жөнінде меморандумға қол қойды
Бүгінгі таңда Өзбекстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Әсіресе сауда-экономика, технология және энергетика салаларындағы байланыстар едәуір нәтиж көрсетіп отыр. Екі ел «жасыл» экономикаға көшу, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағытында өзара ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беруде. Осы серіктестіктің жарқын көрінісі ретінде тараптар жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған жаңа келісімге қол қойды.
Өзбекстан Энергетика министрлігі жанындағы Қайта жаңартылатын энергия көздері ұлттық ғылыми-зерттеу институты мен Қытайдың «Inner Mongolia Technology University» және «China Datang Corporation» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум рәсімделді.
Бұл құжат жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға, заманауи инновациялық технологияларды енгізуге және ғылыми зерттеулер аясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Келіссөздер барысында тараптар жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалану, ғылыми әлеуетті нығайту, инвестициялық жобаларды кеңейту және халықаралық тәжірибе алмасу мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасты.
Мамандардың айтуынша, бұл келісім энергетика саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты күшейтіп, «жасыл» экономика қағидаларын кеңінен енгізуге әрі тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Өзбекстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестіктің жаңа кезеңі экологиялық таза технологияларды дамытуға серпін беріп, өңірдегі «жасыл» трансформация үдерісін жеделдетуге ықпал етпек. Сонымен қатар аталған бастама екі елдің ғылыми қауымдастықтары арасындағы байланысты тереңдетіп, бірлескен зерттеу жобаларының көбеюіне жол ашады. Болашақта бұл ынтымақтастық Орталық Азиядағы баламалы энергетиканы дамытуға тың серпін беретін маңызды платформалардың біріне айналуы мүмкін.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған меморандум жуырда Сиань қаласында өткен «III Өзбекстан – Қытай өңіраралық форумы» аясында рәсімделген.