Өзбекстан мен Қатар арасындағы мәдени ынтымақтастық нығая түсті
Бүгінде Өзбекстан халықаралық аренада белсенді әрі бастамашыл мемлекет ретінде саяси, экономикалық және мәдени байланыстарын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Елдің жаһандық деңгейдегі беделінің артуы, халықаралық алаңдардағы ықпалды ұсыныстары мен қабылданып жатқан маңызды резолюциялар – осы сындарлы сыртқы саясаттың нақты көрінісі.
Осындай серпінді әріптестіктің бір бағыты – Қатар елімен мәдени-гуманитарлық ықпалдастық. Аталған саладағы байланыстардың жаңа қарқын алғаны Өзбекстан Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Баходир Ахмедов бастаған делегацияның Таяу Шығыстағы тартымды елге жасаған жұмыс сапары барысынан айқын аңғарылады.
Министрлік мәліметінше, жұмыс сапары аясында екі елдің мәдениет саласындағы ынтымақтастығын тереңдету, жетекші мәдени ұйымдардың қызметімен танысу және озық шетелдік тәжірибе негізінде ұлттық мәдениетті дамыту бағытында бірқатар мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, делегация Доха қаласында орналасқан «Қатар мәдениет ауылы» кешенінің жұмысымен танысты. Бұл кешен – елдегі ең ірі мәдени-өнер орталықтарының бірі саналады. Заманауи архитектура мен дәстүрлі өрнекті үйлестірген бірегей мәдени кеңістік театр, музыка, бейнелеу өнері, цифрлық жобалар мен халықаралық форумдарды бір шаңырақ астына тоғыстырып отыр.
Кешен құрамында амфитеатр, үш өнер мұражайы, опера үйі, драма театры және әлем халықтарының асханасын ұсынатын мейрамханалар жұмыс істейді. Мұнда халықаралық деңгейдегі өнер фестивальдері, араб жылқысы фестивалі, әскери-музыкалық байрақ фестивалі секілді ауқымды шаралар тұрақты түрде өткізіледі.
Сапар барысында өзбек делегациясы Қатар филармония оркестр жетекшісі Курт Мейстермен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында екі елдің филармониялары арасындағы шығармашылық байланыстарды жолға қою, халықаралық мәдени іс-шараларға өзара тұрақты қатысу, бірлескен концерттік бағдарламалар ұйымдастыру және әріптестік жөніндегі келісімге қол қою мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Өзбекстан Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Баходир Ахмедов пен Қатар Мәдениет министрлігінің Халықаралық байланыс департаментінің директоры Насир әл Малик арасында мазмұнды кездесу өтті. Онда өзбек ұлттық мақам өнерін Қатар жұртшылығына кеңінен таныстыру, мақам кештері мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру, сондай-ақ гастрольдік сапарлар мен қосымша мәдени жобаларды жүзеге асыру ұсынылды.
Қатар тарапы ұсынылған бастамаларды қолдауға дайын екенін білдіріп, нақты жобаларды іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Бұл келіссөздер екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты жаңа практикалық мазмұнмен толықтыруға жол ашады.