Өзбекстан мен Гонконг арасында Бизнес кеңесі құрылады
Гонконг Арнаулы әкімшілік аймағы Әкімшілігінің басшысы Джон Ли бастаған делегацияның Орталық Азияға сапары аясында Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Гонконгтың Бас сауда палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және инвестициялық серіктестікті кеңейтуге бағытталған.
Тараптар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келіссөздер биылғы наурыз айында Өзбекстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Фарход Арзиевтің Гонконгтың Бас сауда палатасына жасаған сапары барысында бастау алған болатын. Кейін бұл диалог бірқатар кездесулер мен келіссөздер арқылы жүйелі түрде жалғасын тапты.
Сондай-ақ мамыр айында Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасы делегациясының Гонконгқа жасаған сапары екіжақты іскерлік байланысты одан әрі жандандырып, жаңа бастамалардың жүзеге асуына негіз қалады.
Қол қойылған меморандумға сәйкес, Өзбекстан–Гонконг Бизнес кеңесі құрылатын болады. Аталған кеңес екі ел кәсіпкерлері арасындағы тұрақты диалогты дамытуға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға, бірлескен жобаларды ілгерілетуге және сауда мен инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызмет ететін маңызды алаңға айналмақ.
Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасының мәліметінше, алдағы уақытта тараптар бизнес-форумдар, B2B кездесулер, тәжірибе алмасу бағдарламалары мен сауда миссияларын ұйымдастыру арқылы өзара тиімді әріптестікті одан әрі тереңдетуді көздеп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Бизнес кеңесінің құрылуы Өзбекстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі қаржы және сауда орталықтарының бірі саналатын Гонконгпен экономикалық байланысын күшейтіп, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына тың серпін береді.