Өзбекстан мен АҚШ еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Көші-қон агенттігінің директоры Бехзод Мусаев Америка Құрама Штаттарының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джонатан Хеникпен кездесті.
Кездесу барысында халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылып жатқан еңбек көші-қоны жүйесі, шетелдік еңбек нарығын әртараптандыру, үміткерлерді даярлау, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Тараптар Америка Құрама Штаттарының ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуге арналған пилоттық жобалардың жүзеге асырылу барысы мен құжаттарды рәсімдеу үдерісі жөнінде пікір алмасты.

Америка Құрама Штаттарының Елшсі заңды еңбек көші-қоны аясында үміткерлерді жан-жақты даярлаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар жұмыс орны, еңбек және тұрмыс жағдайы, күтілетін шығындар, көрсетілетін қолдау және Өзбекстанға оралу мерзімі туралы толық ақпаратқа ие болуы тиіс.
Сондай-ақ құжаттарды белгіленген талаптарға сәйкес рәсімдеу, үміткерлердің виза және көші-қон тарихын алдын ала зерделеу жөнінде ұсыныстар берілді.

Кездесу соңында Көші-қон агенттігі мен Америка Құрама Штаттары елшілігінің консулдық қызметі арасында ынтымақтастық орнату, ақпарат алмасу, жұмыс берушілермен сұхбаттарды ұйымдастыру және құжаттарды тапсыру үдерісін алдын ала үйлестіру туралы келісімге қол жеткізілді. Тараптар бұл ынтымақтастықты кезең-кезеңімен дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.
Бұл кездесу Өзбекстан азаматтарының Америка Ққрама Штаттарында заңды әрі қауіпсіз еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар тараптар еңбек көші-қоны саласындағы өзара тәжірибе алмасуды кеңейтіп, бірлескен жобаларды жүйелі түрде жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.