Өзбекстан атом энергетикасы бойынша Беларусь тәжірибесін зерттеп жатыр
Өзбекстанда алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі ауқымды жобаны жүзеге асыру аясында «Узатом» агенттігі Беларусь Республикасының сәтті тәжірибесін зерделеуді бастады.
Осы мақсатта 2025 жылдың 5–6 тамызы күндері агенттік делегациясы Беларусьқа іссапармен барып, АЭС құрылысы мен оны пайдалану бойынша озық тәжірибемен жақыннан танысты.
Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған сапардың алғашқы күні «Узатом» делегациясы Беларусь Республикасының энергетика министрі Денис Морозпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, АЭС-ті ұлттық энергетикалық жүйеге интеграциялау, физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу, радиоактивті қалдықтарды басқару және қоғаммен тиімді жұмыс істеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасудың маңыздылығы атап өтілді.
Өзбекстан тарапы елде АЭС құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен дайындық кезеңі туралы ақпарат берді. Беларусь тарапы өз кезегінде инфрақұрылым құру, уақытша қалашық пен АЭС мамандарына арналған арнайы қала тұрғызу, өндірісті жергіліктендіру бойынша жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
«Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедходжаевтың айтуынша, Беларусь тәжірибесі Өзбекстанда атом энергетикасын енгізу жолындағы негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Оның пікірінше, ұлттық өндіріс кәсіпорындарымен кооперацияны дамыту, жабдық жеткізілімдерін жергіліктендіру және Беларусь компанияларының жобадағы табысты қатысуы Өзбекстан үшін айрықша маңызды. Бұл өз кезегінде елде атом энергетикасын қолдайтын өнеркәсіптік база қалыптастыруға қызмет етеді.

Беларусь Республикасының энергетика министрі Денис Морозтың айтуынша, елде 2023 жылы қуаты 2400 мегаватт болатын алғашқы атом электр станциясы іске қосылған. Қазіргі таңда Беларусь тұтынатын электр энергиясының шамамен 40 пайызы осы АЭС есебінен өндірілуде. Сонымен қатар бұл АЭС құрылысында қатысқан компаниялар «Росатом» мемлекеттік корпорациясының халықаралық жобаларына да белсенді түрде тартылып отыр. Оның айтуынша, болашақта Беларусь компаниялары Өзбекстандағы АЭС құрылысында да қатысуы мүмкін.
Сапар аясында «Өзатом» делегациясы «Белэнерго» мемлекеттік өндірістік бірлестігінің диспетчерлік орталық басқару пультінің жұмысымен танысты. Бұл орталық Беларусь аумағында электр энергиясын өндіру, жеткізу және бөлу үдерістерін орталықтандырылған түрде тәулік бойы басқарып отырады.
«Узатом» агенттігінің хабарлауынша, делегация мүшелері Беларусь атом электр станциясы мен оның құрамындағы оқу-жаттығу орталығының жұмысымен танысып, екіжақты келіссөздер мен тәжірибелік кеңесулерге қатысады.