«Узатом» мен «Росатом» техникалық академиясы кадр даярлау жөнінде келісімге қол қойды
ӨР Министрлер Кабинетінің жанындағы Атом энергетикасы агенттігі («Узатом») мен «Росатом» техникалық академиясы ядролық медицина және онымен сабақтас бағыттарда ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қойды.
Атаулы құжатқа «Росатом» техникалық академиясының ректоры Юрий Селезнев пен «Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедхужаев қол қойды.
Аталған келісім Өзбекстанда ядролық медицинаның ұлттық инфрақұрылымын дамыту, сала үшін жоғары білікті мамандар даярлау, олардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттыру және ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың жүйелі тетігін қалыптастыруға бағытталған.
Ынтымақтастық аясында әзірленетін білім беру бағдарламалары екі елдің ұлттық қажеттіліктері мен халықаралық озық тәжірибені ескере отырып жасақталады. Сонымен қатар олар медициналық мақсаттағы изотоптарды әзірлеу және өндіру, радионуклидтік диагностика мен терапия, тераностика, сәулелік терапия, радиофармацевтикалық препараттарды жасау, өндіру және клиникалық тәжірибеге енгізу, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздік сияқты басым бағыттарды қамтиды.
«Росатом» техникалық академиясының ректоры Юрий Селезневтің айтуынша, академия ядролық технологиялар мен оларды энергетикадан тыс салаларда қолдану бағытында мол тәжірибе мен бірегей құзыретке ие.
– Өзбекстанда ядролық медицинаны дамытуға зор мүмкіндік бар. Біз халықаралық стандарттарға сай, озық заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандарды даярлау үшін өзіміздің білім беру және ғылыми-әдістемелік әлеуетімізді ұсынуға дайынбыз, – деді Юрий Селезнев.
«Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедхужаев ядролық медицинаны дамыту Өзбекстанның денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– 2026 жылдың ақпан айында «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп Өзбекстан Республикасында ядролық медицинаны дамыту стратегиясын әзірлеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі уақытта бұл құжатты дайындау соңғы кезеңге жетті. Стратегия кадрлық әлеуетті дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу және саланың ұлттық инфрақұрылымын нығайтуды көздейді.
Техникалық академиямен жасалған бұл келісім әріптестігімізді одан әрі нығайтып, белгіленген міндеттерді іс жүзінде жүзеге асырудағы маңызды қадам болады. Бұл тек білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп қана қоймай, ядролық медицинада қызмет ететін дәрігерлерді, медициналық физиктерді, радиохимиктерді, радиофармацевтерді және инженерлік-техникалық мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттырудың біртұтас жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Азим Ахмедқожаев.
Айта кетейік, аталған келісім Ресей Федерациясының Обнинск қаласында өткен «Обнинск NEW» халықаралық атом саласы жастары форумының аясында жасалды.