Татарстанда қаза болған Өзбекстан азаматтарының мәйіттері елге жеткізілді
Ресейдің Татарстан Республикасында дрон шабуылы салдарынан қаза болған Өзбекстанның 8 азаматының мәйіттері 12 тамызда арнайы әуе рейсімен Өзбекстанға жеткізілді.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Мәліметке қарағанда, 2026 жылғы 10 тамызда Нижнекамск қаласындағы бірнеше нысанға дрон арқылы шабуыл жасалған. Оқиға салдарынан құрылыс кәсіпорнында жұмыс істеген Өзбекстанның 8 азаматы қаза тапқан. Бұдан бөлек, бірнеше өзбекстандық азамат түрлі деңгейдегі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған.
Өзбекстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, оқиғаның салдарын жою, қаза болған азаматтардың мәйіттерін елге жеткізу, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету және олардың отбасы мүшелерін қолдау жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.