Ташкентте IX Еуропа кинофестивалі өтеді
29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Ташкент қаласында IX Еуропа кинофестивалі өтеді.
Кинофестиваль Еуропалық Одақтың Өзбекстандағы делегациясы мен жергілікті ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылуда.
Бұл шара Еуропалық Одақ пен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Фестивалға Австрия, Болгария, Швеция, Финляндия, Германия және Словения секілді елдердің үздік туындылары енген.
Еуропалық Одақтың Өзбекстандағы делегациясының баспасөз хатшысы Малика Мусаеваның айтуынша, фестивальде Еуропа бірлігін бейнелейтін әртүрлі жанрдағы фильмдер көрсетіледі.
– Еуропа кинофестивалі – кино сүйер қауым көптен күткен оқиға. Ол мәдениеттерді жақындастырып, ой-өрісті кеңейтеді. Фестиваль бағдарламасы жаһандық және еуропалық ауқымдағы әлеуметтік мәселелерді зерттейтін терең драмалардан бастап, комедияларға дейінгі түрлі жанрларды қамтиды. Менің ойымша, бұл туындылар өзбек көрермендеріне ұнайды, – деді М.Мусаева.