Ташкент пен Амман арасында тікелей әуе рейсі ашылады
Өзбекстан мен Иордания арасындағы туризм, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі жандандыру мақсатында ел астаналары Ташкент пен Амман қалалары арасында тұрақты тікелей әуе рейстері іске қосылады.
Осыған орай Иордания астанасы Амман қаласында Өзбекстанның бай туристік әлеуетіне арналған таныстырылым өтті. Іс-шара барысында Өзбекстанның тарихи қалалары, зиярат және мәдени туризм мүмкіндіктері, сондай-ақ туризм саласындағы жаңа жобалар шетелдік серіктестер мен сала өкілдеріне таныстырылды.
Жаңа әуе рейстерін «Royal Jordanian» әуе компаниясы орындайды. Кестеге сәйкес, RJ196 нөмірлі алғашқы рейс 30 маусым күні Амманнан жергілікті уақыт бойынша сағат 22:50-де (Ташкент уақытымен 00:50-де) ұшады.
Ұшақ Ташкент халықаралық әуежайына келесі күні жергілікті уақыт бойынша 05:25-те қонады деп жоспарланған.
Аталған тікелей әуе қатынасының іске қосылуы екі ел арасындағы туристер ағынын арттыруға, іскерлік байланыстарды дамытуға және Өзбекстан мен Иордания арасындағы көлік қатынасын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа бағыт Таяу Шығыс елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге, Өзбекстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттауға және шетелдік туристер санын көбейтуге ықпал етеді.