Швейцариядан қайтарылатын 252,5 миллион доллар Өзбекстан халқының игілігіне жұмсалады
Өзбекстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасында заңсыз иемденілген активтердің кезекті бөлігін елімізге қайтару туралы келісім бекітілді.
Бұл туралы Экономика және қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
24 қарашада бекітілген келісімге сәйкес, 252,5 миллион АҚШ доллары «Ишонч – 2030» траст қорына аударылып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталады.
Ресурстарды бөлу стратегиясының екінші кезеңіне қатысты құжатқа Өзбекстан экономика және қаржы министрінің орынбасары Отабек Фозилкаримов, Швейцарияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Симоне Гигер және БҰҰ-ның Өзбекстандағы тұрақты үйлестірушісі Сабине Махл қол қойды.
Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен Өзбекстан, Швейцария және БҰҰ ынтымақтастығы аясында құрылған «Ишонч» қоры тәркіленген активтерді Өзбекстан халқына қайтаруға және оларды тиімді пайдалануға бағытталған. Қаражат БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің қатысуымен жүзеге асырылатын бағдарламалар арқылы ашықтық және қоғамдық бақылау қағидаттары негізінде жұмсалады.

Қор жұмысының бірінші кезеңінде денсаулық сақтау және білім беру салаларына 87 миллион доллар бөлінген. Бұл қаражат ана мен бала денсаулығын қорғауға, перинаталдық көмекті жақсартуға, білім сапасын арттыруға және мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамытуға жұмсалды.
Екінші кезеңде қаражат екі негізгі бағытқа бөлінеді. Денсаулық сақтау саласында балалар мен жасөспірімдерге медициналық көмек көрсетуді жетілдіру, ауруларды ерте анықтау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейту, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру көзделген. Ал білім беру саласында мектеп инфрақұрылымын жақсарту, жаңа мектептер салу, цифрлық технологияларды енгізу және мұғалімдердің біліктілігін арттыруға басымдық беріледі.
Бұл ретте ауылдық жерлердегі және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі тұрғындарды қолдауға назар аударылады. Сонымен қатар қаражаттың мақсатты жұмсалуы, жобалардың тиімділігін бағалау және азаматтық қоғам өкілдерінің тәуелсіз мониторингке қатысуы қамтамасыз етіледі.
Жаңа келісім Өзбекстан мен Швейцарияның заңсыз шығарылған активтерді қайтару және оларды халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттау жөніндегі ынтымақтастығы жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді.