Сенат пен ШЫҰ арасында маңызды меморандумға қол қойылды
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді тереңдету бағытындағы жұмыстар аясында Сенаттың Халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық байланыстар, шетелдік инвестициялар және туризм мәселелері жөніндегі комитеті мен Өзбекстандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Халық дипломатиясы орталығы арасында маңызды меморандумға қол қойылды.
Аталған меморандум халық дипломатиясын жүйелі түрде дамытуға, ұлтаралық келісім мен төзімділікті нығайтуға, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.

Сонымен қатар, меморандумда көзделген басым бағыттар бойынша «жол картасы» бекітіліп, негізгі бағыттар, нақты шаралар мен бірлескен іс-шаралар айқындалды.
Меморандумға қол қою аясында «Халық дипломатиясы – бейбітшілікке бірге қадам» атты кітаптың таныстырылымы да өтті.
Таныстырылым барысында қатысушылар халық дипломатиясының заманауи халықаралық қатынастардағы орны мен маңызы туралы пікір алмасты.