Сенат басшысы стартапен айналысып жүрген жастармен кездесті
Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенат Төрағасы Танзила Нарбаева стартап жобаларымен айналысып жүрген белсенді, бастамашыл жастармен кездесу өткізді.
Ашық әрі еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде елімізде стартап экожүйесін дамыту, жастардың инновациялық идеяларын қолдау және оларды тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кездесуде айтылғандай, Мемлекет басшысының биылғы 11 ақпандағы «Стартаптарды қолдаудың кешенді экожүйесін енгізу шаралары туралы» қаулысының қабылдануы бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Бұл құжат жеңілдіктер жүйесін кеңейтіп қана қоймай, жастардың жаңашыл идеяларына мемлекеттік деңгейде сенім білдіріп, үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Қаулыға сәйкес, 2030 жылға дейін елімізде жұмыс істейтін стартаптар санын 5 мыңға жеткізу межесі белгіленген. Осы міндеттерді жүзеге асыруда заң шығарушы орган ретінде Сенаттың рөлі айрықша маңызға ие.

Іс-шара барысында HR, білім беру және маркетинг салаларында жұмыс істейтін стартапшылар өз жобаларын таныстырып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, әлеуметтік бағыттағы және репродуктивті денсаулыққа қатысты бастамаларға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, стартапшылар тап болып отырған негізгі мәселелер — қаржыландыру, нарыққа шығу және бюрократиялық кедергілерді азайту тақырыптары бойынша пікір алмасу өтті.
Кездесу қорытындысында Жастар парламенті мен стартапшылар арасында тұрақты диалог орнату мақсатында «Digital Leadership Program» (Цифрлық көшбасшылық бағдарламасы) жобасын іске қосу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Аталған бастама жас көшбасшылардың әлеуетін арттырып қана қоймай, цифрлық дәуір талаптарына сай жаңа буын мамандарын қалыптастыруға жол ашады. Сонымен бірге, бұл жоба елдегі инновациялық экожүйені нығайтып, мемлекеттік даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігіне айналмақ.