Қытайда «Дельфин» тайфуны салдарынан миллионға жуық адам эвакуацияланды
Шанхайда 1,5 мыңға жуық әуе рейсі тоқтатылды.
Қытайдың шығыс жағалауына «Дельфин» тайфуны соғып, өңірде ауқымды қауіпсіздік шаралары қолға алынды.
Reuters мәліметінше, тайфунның ең күшті соққысы Юйхуань қаласының жағалауына тиген. Жағалаудың басым бөлігінде нөсер жаңбыр жауып, дауылдың орталығындағы желдің жылдамдығы секундына 42 метрге дейін жеткен.
Тайфунға байланысты жағалау маңындағы аудандардан 1 миллионға жуық адам эвакуацияланды. Сондай-ақ Шанхайда 1,5 мыңға жуық әуе рейсі тоқтатылды.
Бұған дейін тайфун Жапонияның Окинава префектурасына жеткен болатын. Онда алты адам жарақат алып, 50 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалған.