Қырғызстанда балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу жоспарланып отыр
Қырғызстанда кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы елдің білім министрі Догдуркүл Кендирбаева мәлімдеді.
«Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Бізде тәжірибе бар. Мысалы, сабақ кезінде телефон пайдалануға тыйым салдық», – деді ол.
Министрдің айтуынша, басқа елдерде де кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қойылып жатқан жағдайлар бар.
Кендирбаеваның пікірінше, бұл әсіресе мектепте күніне небәрі үш сағат болып, қалған уақытын үйде өткізетін бастауыш сынып оқушылары үшін маңызды.
«Балалар әлеуметтік желілерді ешқандай бақылаусыз пайдаланып жүр. Олардың қандай ақпарат алып жатқанын біз білмейміз», – деген министр.