Қазақстанда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салынды
Қазақстанда 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салынды.
KAZINFORM мәліметінше, бүгін Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданған.
Заң жобалары желінің барлық мүшесі үшін ашық ережелерді белгілейді және бірнеше негізгі қадамды қамтиды. Атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігі. 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынады. Бұл ретте ата-аналарымен және достарымен байланысуға арналған кәдімгі мессенджерлер оларға толық қолжетімді болып қалады.
Платформалардың Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауы. Шетелдік әлеуметтік желілер мен бейнесервистер елде ресми өкілдіктерін ашуға міндетті болады. Заңға қайшы материалдарды тарату және мемлекеттік органдардың талабы бойынша тыйым салынған ақпаратты жоюдан бас тартқаны үшін платформаларға әкімшілік жауаптылық енгізіледі, - делінген хабарламада.