Қазақстан Президентіне өңірлерді дамыту мен басқарудың заманауи тәсілдері таныстырылды
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бұхара облысы әкімдігінің ахуалдық орталығы қызметімен танысты.
Елімізде жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысын оларды бір орталыққа шоғырландыру арқылы ұйымдастыруға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа моделі жүйелі түрде енгізіліп келеді. Мұндай тәсіл ведомстволар қызметінің өзара үйлесімін арттыруға, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге және халықты толғандырған мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Өңірлік басқарудың интеллектуалдық өзегіне айналған заманауи орталық Бұхараның жаңа әкімшілік орталығында құрылған. Мұнда алғашқы кезеңде облыс және қала әкімдіктері, облыстық прокуратура, ішкі істер басқармасы және басқа да құрылымдар орналастырылған.
Орталықта әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен бастап инвестициялық жобаларды іске асыру, коммуналдық және көлік инфрақұрылымы, қоғамдық қауіпсіздік ахуалы, азаматтардың өтініштерімен жұмысқа дейінгі барлық бағыттар бойынша мәліметтер нақты уақыт режимінде қалыптастырылып, өңделіп, жүйелі түрде талданады.

Жоғары мәртебелі мейманға орталықтың өңірлер бойынша жағдайды кешенді мониторингтеу, проблемалық тұстарды ерте анықтау, жергілікті жерлердегі жұмыс тиімділігін әділ бағалау және белгіленген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылау мүмкіндіктері нақты мысалдар арқылы көрсетілді.

Одан кейін Мемлекет басшылары әкімдік қызметкерлеріне жасалған жағдайлармен танысты. Жаңа ғимарат заманауи жұмыс орындарымен, мәжіліс залдарымен және цифрлық инфрақұрылыммен жабдықталған. Мұнда мемлекеттік органдардың тиімді әрі үйлесімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

Сапар барысында Қазақстан Президентіне бірегей архивтік материалдардың көшірмелері де көрсетілді. Бұл – Өзбекстанда анықталған, Түркістан өңіріндегі Қожа Ахмет Ясауи және Мырза Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтанбегім кесенелеріне қатысты 1920–1950 жылдар аралығындағы құнды құжаттар, сызбалар мен фотоматериалдар.

Бауырлас қазақ халқына және екі елдің ортақ тарихына деген құрмет белгісі ретінде аталған архивтік құжаттардың көшірмелері Қазақстан тарапының өкілдеріне сыйға тартылды.

Бүгінге дейін көпшілігі ғылыми айналымға енгізілмеген бұл материалдардың тарихи әрі ғылыми маңызы зор екені атап өтілді. Бірегей сәулет ескерткіштері саналатын Қожа Ахмет Ясауи мен Рабия Сұлтанбегім кесенелерінің Орталық Азия халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасында айрықша орын алатыны айтылды.