Президент жасырын экономиканы қысқартуға арналған жаңа цифрлық платформамен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев жасырын экономиканың үлесін қысқарту және осы саладағы прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша тұсаукесермен танысты.
Кейінгі жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жасырын экономикаға қарсы арнайы республикалық және өңірлік комиссиялар құрылды. Салық және кеден органдарында тәуекелдерді талдау мен сегменттеу жүйелері енгізіліп, заңнамадағы жасырын айналымдарға жол ашатын бірқатар олқылықтар жойылды. Сонымен қатар, заң талаптарын сақтайтын кәсіпкерлерді ынталандыру шаралары күшейтілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы екі жылда жасырын экономиканың үлесі 35 пайыздан 23 пайызға дейін төмендеп, бюджетке қосымша 38 триллион сум түсті. Ресми жұмыспен қамтылғандар саны 8,5 миллион адамнан асып, орташа ресми жалақы 6,5 миллион сумға жуықтады.
Сонымен бірге, жасырын экономиканың көлемі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Статистикалық бағалауға сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында оның көлемі ауыл шаруашылығында 81,1 триллион сумды, сауда және қызмет көрсету саласында 24,5 триллион сумды, құрылыста 23,9 триллион сумды, ал өнеркәсіпте 6,7 триллион сумды құрады.
Жасырын экономика бюджет кірістерін азайтумен қатар, елдегі адал бәсекелестік ортасына кері әсерін тигізеді, бейресми жұмыспен қамтылу салдарынан азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін төмендетеді әрі халық пен кәсіпкерлердің заңда көзделген кепілдіктер мен мемлекеттік қолдау тетіктерін толық пайдалануына кедергі келтіреді.

Өзбекстанда 2030 жылға дейін жасырын экономиканың көлемін екі есеге қысқарту, ресми жұмыспен қамтылғандар санын 14 миллион адамға жеткізу және қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін 75 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, салалар мен өңірлер бөлінісінде жасырын экономиканың тәуекелдерін, ықтимал бюджет шығындарын және қосымша кіріс көздерін көрсететін бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеу, сондай-ақ осы платформа арқылы көлеңкелі айналымдардың туындау себептерін анықтап, оларды жою жөнінде нақты тапсырмалар берілген болатын.
Таныстырылым барысында Бас прокуратура әзірлеген және сынақ режимінде іске қосылған «Жасырын экономика картасы» платформасының мүмкіндіктері көрсетілді.
Платформа экономиканың 22 негізгі саласы, 85 бағыт, 14 әкімшілік өңір және 208 аудан мен қала бойынша жасырын айналымдар тәуекелін анықтап, жауапты органдардың оларды жою жұмыстарын бақылау арқылы бюджет кірістерін ұлғайтуға және адал бәсекелестікті қолдауға қызмет етеді.
Платформаны әзірлеуге салық, кеден, қаржы, экономика, статистика, эконометрика және ықтималдық теориясы салаларындағы білікті мамандар тартылды. Нәтижесінде 100-ден астам тәуекел өлшемі әзірленіп, өңірлер мен салалардың ерекшеліктерін, салық режимін, тауар айналымын, бюджет үшін маңызын және басқа да факторларды ескере отырып, жеке коэффициенттер белгіленді.

Салалар мен өңірлер бойынша жасырын экономиканың тәуекелдері мен ықтимал бюджет шығындарын анықтау мақсатында платформаға 16 министрлік пен ведомствоның ақпараттық жүйелері біріктіріліп, барлық деректерді нақты уақыт режимінде өңдеу мүмкіндігі жасалды.
Платформа талдауының негізінде жасырын экономиканың тәуекелі мен ықтимал бюджет шығындарының көлеміне қарай салалар мен өңірлер автоматты түрде «жасыл», «сары» және «қызыл» санаттарға бөлінеді.
Бұл жүйе лицензиясыз қызмет жүргізу, нақты тауар айналымын, жұмыс орындарын және еңбекақы қорын жасыру, рентабельділік пен пайданы төмендету сияқты тәуекелдерді автоматты түрде анықтайды.
Таныстырылым барысында платформаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, прокурорлық қадағалауды цифрландыру арқылы оны жаңа деңгейге көтеру ұсынылды.
Осы үдерісте жасырын экономикаға қарсы күреске жауапты министрліктер мен ведомстволардың күш-құралдары платформа талдауының негізінде нақты бағытталады, ал бақылау кезінде адам факторы барынша азайтылады. Тәуекелі жоғары салалар мен өңірлер автоматты түрде анықталып, оның себептері талданады, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қадағаланып, нәтижелері бағаланады.
Егер мәселе аудан немесе қала деңгейінде шешілмесе, ол облыстық деңгейге, қажет болған жағдайда республикалық деңгейге шығарылады. Сонымен қатар жүйе арқылы проблемалардың түпкі себептері анықталып, оларды жою, заңнаманы жетілдіру және бюджет кірістерін ұлғайту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.
Мемлекет басшысы жасырын экономиканы қысқартуда цифрландыруды дамытуға, деректер алмасуды күшейтуге, адам факторын азайтуға және бақылауды нақты ұйымдастыруға басымдық беру қажеттігін тағы бір мәрте атап өтті.
Жауапты тұлғаларға 1 қазанға дейін 70-тен астам ақпараттық жүйені платформаға біріктіру, ал 1 қаңтарға дейін барлық өңірлер мен салаларды осы платформамен қамтып, оны толық іске қосу тапсырылды.
Сондай-ақ барлық кәсіпкерлік субъектілері үшін теңдей бәсекелестік жағдайын қалыптастыру және жасырын экономиканы қысқарту бағытында жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыру мақсатында прокурорлық қадағалауды күшейту міндеті жүктелді.