Президент халықаралық білім стандарттарын енгізу жөніндегі ұсыныстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев халықаралық білім беру стандарттары негізінде арнаулы орта, кәсіптік және жоғары білім беру бағдарламаларын енгізу, сондай-ақ беделді шетелдік университеттермен академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ұсыныстардың тұсаукесерімен танысты.
Кейінгі сегіз жылда елде жоғары білім жүйесін дамыту және жастардың сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейту бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылды.
Соның нәтижесінде жоғары біліммен қамту деңгейі 9 пайыздан 44 пайызға дейін өссе, студенттер саны 270 мыңнан 1,7 миллионға жетті. Биылдың өзінде 643 техникумның 100-інде Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Қытай және Оңтүстік Кореяның озық кәсіптік білім беру бағдарламалары енгізілуде.
«Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университеті және Өзбекстан ұлттық университеті беделді халықаралық рейтингтер бойынша әлемнің үздік мың жоғары оқу орнының қатарына енді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы 157 білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өтті.
Сонымен қатар білім сапасын одан әрі арттыру, ұлттық университеттердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейту және түлектердің жаһандық еңбек нарығында лайықты орын алуына жағдай жасау мақсатында жұмысты жаңа кезеңге шығару қажеттігі атап өтілді.

2030 жылға дейін кемінде бес жоғары оқу орнын әлемнің үздік 500 университетінің жалпы рейтингіне енгізу, ал тағы он университетті жекелеген пәндік бағыттар бойынша үздік 500 жоғары оқу орнының қатарына қосу көзделген. Сондай-ақ, 100 білім беру бағдарламасын халықаралық аккредиттеуден өткізу және кемінде 150 техникумда халықаралық білім беру бағдарламаларын енгізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарының түлектері мен оқытушыларының кемінде 30 пайызын шетел тілі, мамандық және кәсіптік бағыттар бойынша халықаралық сертификаттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ техникумдардың 2,5 мың және жоғары оқу орындарының 20 мың педагогін шетелде біліктілігін арттыру курстарына жіберу көзделген.
Таныстырылым барысында интеграцияланған білім беру бағдарламаларын кеңінен енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазіргі таңда бірқатар жоғары оқу орындары шетелдік университеттермен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Алайда олардың басым бөлігі екі оқу орны арасындағы серіктестікке негізделгендіктен, студенттердің білім беру бағытын еркін таңдау мүмкіндігі шектеулі.
Ал халықаралық тәжірибеде интеграцияланған бағдарламалар студенттерге оқу барысында бірнеше университетте білім алуға, әртүрлі елдердің академиялық ортасы мен білім беру стандарттарының артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді.
Ташкент қаласындағы Инха университеті мен Ташкент сәулет-құрылыс университетінде бизнес-басқару, сәулет және ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша Ұлыбританияның оннан астам жоғары оқу орнымен бірлескен осындай бағдарламалар енгізілген. Соның нәтижесінде 371 студент «1+3», «2+2» және «3+1» үлгілері бойынша білім алып, Ұлыбританияның білім стандарттарына сәйкес диплом алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Таныстырылымда интеграцияланған білім беру бағдарламалары студенттердің шетелде оқу және тұру шығындарын 10 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік беретіні айтылды. Қазіргі уақытта мыңдаған өзбекстандық студент Ұлыбританиядағы төрт жылдық білім беру бағдарламаларында оқып жатыр. Әр студенттің оқу және тұру шығындары жылына 50 мың АҚШ долларына дейін жетеді.
Осыған байланысты Ташкент сәулет-құрылыс университетінің құрамында Интеграцияланған бағдарламалар жоғары мектебін құру ұсынылды.
Жоғары мектепте оқу үдерісі Ұлыбританияның Норзамбрия және Хартфордшир университеттерінің бағдарламалары негізінде ұйымдастырылады. Кейінгі кезеңде әлемнің беделді жоғары оқу орындары – Сапиенца, Саутгемптон және Глазго университеттерінің академиялық талаптарына сәйкес келетін білім беру бағдарламаларын енгізу жоспарланып отыр.
Жоғары мектепке академиялық, қаржылық және ұйымдастырушылық дербестік беріледі. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың, серіктес жоғары оқу орындарының және ірі компаниялардың өкілдерінен құралған Қамқоршылық кеңес құрылмақ. Түлектерге Өзбекстанда мойындалатын шетелдік серіктес университеттің және жоғары мектептің қос дипломы табысталады.
Сонымен қатар жоғары мектеп пен серіктес оқу орындарында Ұлыбритания стандарттарына сәйкес 8-деңгейге дейінгі білім беру бағдарламаларын енгізу, басшы кадрларға арналған стратегиялық ойлау, көшбасшылық, цифрлық басқару, шешім қабылдау және нәтижеге бағдарланған менеджмент бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру көзделген.
Таныстырылым барысында мектеп, академиялық лицей, техникум және жоғары білім арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ететін «2+3», «1+2», «2+1», «1+3», «2+2» және «3+1» үлгісіндегі білім беру модельдері қарастырылды.
Оған сәйкес, 9-сынып түлегі мектепте, академиялық лицейде немесе техникумда екі жыл білім алып, кейін оқуын үш жыл бойы жергілікті немесе шетелдік серіктес университетте жалғастыра алады. Ал техникум түлектері қысқартылған бағдарлама арқылы университетте білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.

Интеграцияланған бағдарламаларды медицина, энергетика, өнер және ауыл шаруашылығы сияқты басым салаларға да кеңейту қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ Халықаралық біліктілік және бағалау орталығына интеграцияланған бағдарламаларды әлемнің ТОП-100 университетінің академиялық талаптарына бейімдеу, сондай-ақ олармен «1+3» және «2+2» форматындағы білім беру бағдарламаларын әзірлеу тапсырылды.
Орталық жанынан шетелдік сарапшылардан тұратын тұрақты жұмыс тобы құрылып, ол 2027 жылдың соңына дейін жетекші шетелдік университеттердің дипломын беретін кемінде екі білім беру бағдарламасы орталығын ашуы тиіс.
«Эл-юрт умиди» қорының шәкіртақы бағдарламасын да жаңа жүйеге бейімдеу ұсынылды. Енді бағдарлама Интеграцияланған бағдарламалар жоғары мектебі мен басқа да жергілікті жоғары оқу орындарындағы интеграцияланған білім беру бағыттарын қамтитын болады.
Сонымен қатар әлемнің беделді университеттеріне шартты түрде қабылданған жастардың Өзбекстандағы жоғары оқу орындарының бірінші курсында немесе «Foundation» бағдарламасында оқу шығындарын өтеу тетігі енгізіледі. Бұл жастарға білімін ел ішінде бастап, кейін шетелде жалғастыруға мүмкіндік береді.
Таныстырылымда жетекші шетелдік жоғары оқу орындары шоғырланатын Ташкент халықаралық университеттер қалашығын құру бастамасы да талқыланды.
Бұл ретте Қатардағы «Education City», Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай халықаралық академиялық қаласы және Корея Республикасындағы Инчхон жаһандық кампусы тәжірибесін пайдалану ұсынылды.
Университеттер қалашығында беделді шетелдік университеттердің филиалдарын ашу, кампустар мен студенттер жатақханаларын салу, лицензиялау талаптарын жеңілдету, гранттар мен шәкіртақылар бөлу, кедендік және салықтық жеңілдіктер беру, сондай-ақ роялти төлемдерінің бір бөлігін өтеу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу тапсырылды.
Негізгі көзделген мақсат – Өзбекстанды халықаралық білім беру бағдарламалары мен стандарттары кеңінен енгізілген, өңірдегі жетекші білім беру орталығына айналдыру.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, интеграцияланған білім беру бағдарламаларын кезең-кезеңімен кеңейтуді, олардың сапасын халықаралық талаптарға сай қамтамасыз етуді және беделді шетелдік университеттермен ұзақ мерзімді академиялық ынтымақтастықты дамытуды тапсырды.