Президент Қашқадария облысын дамыту бойынша жиын өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев Қашқадария облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту мәселелері бойынша жиын өткізді.
Мемлекет басшысы сөзін жиынға қатысушыларды Өзбек тілі мерекесімен құттықтаудан бастады. Қашқадарияның перзенті, Өзбекстан Қаһарманы әрі мемлекеттік Әнұран авторы Абдулла Ориповтың ана тіліміздің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Кеше облыстың қалалары мен аудандарында, махаллаларында болған өзгерістерді, кәсіпкерлердің, инвесторлар мен жастардың көзіндегі жігерді көріп, зор күш-қуат алдым, – деді Мемлекет басшысы.

Бірнеше жыл бұрын ең күрделі жағдайдағы өңірлердің бірі болған Қашқадарияны жыл соңына дейін кедейлік пен жұмыссыздықтан арылған аймаққа айналдыру көзделген. Биылғы тоғыз айда өнеркәсіп, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында өсімге қол жеткізілді. Дегенмен облыстың қазіргі нәтижелері оның бай ресурстары мен адами әлеуетіне әлі де толық сәйкес келмейтіні атап өтілді.

Қашқадария экономикасының өсуі үшін, ең алдымен, өнеркәсіптегі қосылған құнды арттыру қажет. Облыстағы газ, электр энергиясы мен жер қойнауындағы байлықтар дайын өнім өндіруге қызмет етуге тиіс екені айтылды. Осы мақсатта «GTL» зауытындағы жаңа жобаларды іске асыру, нафтадан полимерлер мен мұнай-химия өнімдерін өндіру, Дехқанабад калий зауытының қуатын кеңейту және шағын тоннажды химия өндірісін дамыту мүмкіндіктері қарастырылды. Жауапты тұлғаларға 20 млрд долларлық жобалар мен 50 мың жұмыс орнын қамтитын үш жылдық бағдарлама әзірлеу тапсырылды.

Бұл жобалар ірі кәсіпорындардың айналасында жергілікті өндірушілерді де біріктіруге тиіс. Осыған байланысты облыста алты өнеркәсіптік кластер құрылып, «Қашқадария» еркін экономикалық аймағының филиалдары ашылады. Олардың инфрақұрылымын дамытуға бастапқы кезеңде 250 млрд сум бөлінеді. Заманауи тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасын жергіліктендіру, сондай-ақ агродрондар өндірісін жолға қою да осы бағыттағы міндеттердің қатарына енді.
Өнеркәсіптің дамуы энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге де байланысты. Келесі жылы облыста «Masdar» компаниясының қуаты 300 мегаватт болатын күн электр станциясы мен энергия сақтау жүйесі іске қосылады. Қарши ауданында қалдықтардан электр энергиясын өндіру жобасы аяқталуға жақын. Жаңа қуаттарды тұтынушыларға жеткізу үшін Нишон және Көктала аудандарында ірі қосалқы станциялар салу, сондай-ақ «Талимаржан–Соғдиёна» бағытындағы ұзындығы 245 шақырым электр желісінің құрылысын аяқтау міндеті жүктелді.

Ауыл шаруашылығы да халықтың табысын арттырудың маңызды көзі ретінде қарастырылды. Бұл салада облыста қосымша 200 мың адамды табысты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Мысыр тәжірибесі негізінде сегіз аудандағы 100 мың гектар жайылымға дрондардың көмегімен құрғақшылыққа төзімді мал азықтық дақылдар егіліп, мал шаруашылығы кешендері құрылады. «Ғузар» ауданында 10 мың гектар жер игеріліп, шаруаларға беріледі. Ал ғарыштық деректер негізінде анықталған тағы 30 мың гектар жерді игеруге мысырлық мамандар жұмылдырылады.
Жерді тиімді пайдалану үшін су жеткізу жүйесі де жақсартылады. Қашқадарияда егістік алқаптарына су жеткізу шығынының жоғары болуына байланысты келесі жылы 265 шақырым канал бетонмен қапталып, 20 сорғы жаңартылады. Фермерлермен бірлесіп, 75 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізіледі. Биыл салынған шағын су қоймаларының тәжірибесі тағы бес ауданда кеңінен қолданылады.

Халықтың таза ауызсуға деген қажеттілігі де арнайы талқыланды. Бөлінген қаражат есебінен 747 шақырым су және кәріз желісі мен 43 нысанның құрылысы аяқталып, 200 мың адам таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. «Хисорак» су қоймасынан Қаршы қаласы мен оған іргелес аудандарға су құбырын тарту тағы 350 мың тұрғынды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Ал «Талимаржан–Муборак» су жүйесін реконструкциялау бес аудандағы 700 мың адамның сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға бағытталған.
Өңіраралық қатынасты жеңілдету үшін жол жобалары да белгілі болды. Азия даму банкімен бірлесіп, А-380 автомобиль жолының облыс аумағынан өтетін 100 шақырымдық бөлігі қайта жаңартылады. Қаршы қаласының айналма жолы осы магистральға қосылады. Пойыз өткен кезде көлік кептелісі туындайтын екі теміржол өткелінде заманауи жол өткізгіштер салынады.
Жиында ірі жобалардың нәтижесі әрбір махаллада сезіліп тұруы қажет екеніне ерекше назар аударылды. «Қамаши» ауданындағы «Чим» махалласында мектеп, балабақша, емхана, жастар орталығы, спорт кешені және демалыс саябағы салынды. Ең бастысы, махаллада кедей отбасылар мен жұмыссыз тұрғындар қалмады. Келесі жылы Тәуелсіздік мерекесіне дейін осы тәжірибе негізінде әр ауданда екі заманауи махалла орталығы құрылады. «Миришкорда» лимон өсіру, балық шаруашылығы және бау-бақша жобалары басталып, жалға берілген жерлерде табысы жоғары дақылдар өсіру ауқымы кеңейтіледі.
Мұндай бастамаларды жүзеге асыруда банктер тек жаңа кредиттік өнімдер ұсынумен шектелмеуі керектігі атап өтілді. Олардың жұмысы қаржы алған кәсіпорындардың саны мен бизнестің өсуіне қарай бағаланады. Кредит бөлу кезінде ақша ағыны мен нақты тапсырыстарды ескеру, кәсіпкерлерден талап етілетін артық құжаттарды жою міндеттелді.
Қашқадарияның табиғи мүмкіндіктері туризм саласында да жаңа жұмыс орындарын ашуға жол береді. Жыл басынан бері облысқа 2,5 миллион турист келген, ал «Ғелон» ауылына барғандардың саны 500 мыңға жеткен. «Ғелонда» тау шаңғысы курортының бірінші кезеңін іске қосу, басқа таулы ауылдарда этнотуризмді, «Шахрисабз» ауданында рафтинг пен спорттық туризмді дамыту жоспарланған. Алты ауылдың бас жоспарлары әзірленіп, 50 миллион долларлық жобалар жүзеге асырылады.
Жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, жастардың кәсіби даярлығына да ерекше мән берілуде. Қаршы қаласындағы Кәсіби шеберлік техникумында Германияда біліктілігін арттырған 32 шебер қазір облыстағы 57 техникумның оқытушыларын даярлап жатыр. Мұнда оқушылар мектеп аттестатымен бірге кәсіптік сертификат алады, ал Германиядан келген мамандар жастарға тіл мен кәсіп үйретеді. Жауапты тұлғаларға мектептер мен техникумдар арасында оқушыларды кәсіпке бағдарлаудың нақты жүйесін құру тапсырылды.
Қашқадариялық оқушылардың жетістіктері де атап өтілді. Қаршы қаласындағы Президент мектебі «Cambridge» емтихандарында республика бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізді, ал Абдулла Орипов атындағы шығармашылық мектебі «Заковат» зияткерлік турнирінде жеңіске жетті. Косондық Муроджон Халимов SAT емтиханынан ең жоғары 1600 балл жинады. Келесі жылдан бастап әр ауданда бір мектепте жаратылыстану-математикалық пәндер шет тілінде оқытылады. Сонымен қатар барлық аудандарда робототехника үйірмелері ашылып, оқушылар арасында жыл сайын чемпионат өткізіледі.
Облыстың алдағы дамуы қала құрылысын да алдын ала мұқият жоспарлауды талап етеді. Қаршы қаласы, «Куктала» және «Қаршы» ауданының шекарасында 500 мың тұрғынға арналған Жаңа Қаршы қаласы, ал «Қаршы» ауданында «Кухна Насаф» экокешені салынады. Беделді сәулет компанияларының қатысуымен бас жоспар әзірленіп, жаңа аумақтар «жасыл» және «ақылды» қала қағидаттары негізінде бой көтереді.
Сонымен бірге махаллаларда көшет отырғызу және жасыл аймақтарды көбейту бойынша «Қашқадария тәжірибесі» енгізіледі. Жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында «Ең жасыл махалла» байқауы өткізіледі.
Жиын соңында облыс пен аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалып, белсенді азаматтармен пікір алмасу өтті.