Президент махаллалардағы басқару жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен махаллаларға жаңа серпін беру және «махалла жетілігінің» қызметін жаңаша ұйымдастыру мәселелеріне арналған бейнеселекторлық кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы биыл инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында әр ауданға орта есеппен 250 миллиард сум, ал әр махаллаға 5,5 миллиард сумнан қаржы бөлінгенін атап өтті.
Аудан әкімдері мен махалла төрағаларының түсімдерді басқару жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілгеннен кейін өңірлерде қалатын қосымша кіріс көлемі екі есеге дейін артты. Нәтижесінде әр ауданда орта есеппен 22 миллиард сум, ал махалла бюджетіне 150–200 миллион сум көлемінде қосымша қаражат түскен.

– Қысқаша айтқанда, өңірдегі мәселелерді шешу үшін әкімде де, махалла төрағасында да, жалпы «жетілік» құрамының әрбір мүшесінде де қажетті ресурс пен өкілеттік бар. Жетпейтіні – жауапкершілік пен бастамашылдық, – деді Мемлекет басшысы.
Талдаулар кейбір махаллаларда мәселелердің уақытылы шешілмейтінін көрсетті. Биылдың өзінде 87 махалладан Халық қабылдау бөлмелеріне әрқайсысынан 200-ден астам өтініш түскен.

Сонымен қатар «Бастамашыл бюджет» бағдарламасы аясында биыл 7,5 триллион сум бөлінгенімен, 2 136 махаллада бірде-бір жоба жеңімпаз болмаған. Ал шағын жобаларды қаржыландыру үшін банктер алты ай ішінде 18,5 триллион сум бөліп, 110 мың микрожоба жүзеге асырылып, 259 мың адам жұмыспен қамтылған. Соған қарамастан, 47 махаллада небәрі екі ғана микрожоба іске қосылған.
Сондай-ақ бірқатар аудандарда кедей отбасыларды жобаларға тарту деңгейінің төмен екені сынға алынды. 960 күнкөрісі төмен отбасы тұратын 32 махаллада бірде-бір мұқтаж тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Бұдан бөлек, 883 махаллада банк қызметкерлерінің үй-үйді аралап, жобалар әзірлемегені және кәсіпкерлермен кездеспегені атап өтілді.

Осыған байланысты жыл басынан бері махаллада жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмаған 152 басшы қызметінен босатылып, тағы 700 адамға тәртіптік жаза қолданылған.
Жиында махаллалардағы қылмыстың алдын алу, халықтың мәселелерін шешу және «махалла жетілігінің» жауапкершілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Мемлекет басшысы махалла тұрғындар үшін шынайы сенімнің, қолдаудың және мүмкіндіктердің орталығына айналуы қажет екенін айтты.
Жақында махалла басқару жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі Президент жарлығы қабылданды. Құжатқа сәйкес, енді махалла төрағасы әлеуметтік мәселелерді тіркеуші ғана емес, өз аумағының «экономикалық тапсырыс берушісі» болуы тиіс.

Енді әрбір махалла төрағасы өз аумағының экономикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін айқындайды. Бұл ретте мәселелер нақты есептеліп, жобалар әзірленіп, жауапты ұйымдарға тапсырмалар беріледі. Сонымен қатар жеке балабақша, мектеп, емхана және спорт нысандарын салуға арналған жер телімдерін аукционға шығару құқығы да махалла төрағаларына беріледі.
Мемлекет басшысы махалла төрағалары әлеуметтік мәселелерді шешуге, тазалықты қамтамасыз етуге және халықтың табысын арттыруға бағытталған жобалардың бастамашысы болуы керектігін айтты.

Осындай жобаларды жүзеге асыру үшін «махалла жетілігіне» 10 миллион сумнан грант бөлінеді. Бұл мақсатқа жалпы 240 миллиард сум көлемінде қаржы қарастырылады.
Сонымен қатар махалла төрағасы өз аумағының нақты басқарушысы болуы тиіс. Ол әкімнің көмекшісінің, әйелдер белсендісінің, жастар көшбасшысының, әлеуметтік қызметкердің, профилактика инспекторының, салық қызметкерінің және махалла банкирі жұмысының апталық әрі айлық жоспарларын бекітіп, олардың қызметін үйлестіріп, нақты тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылап отырады.

«Жетілік» қызметін әдістемелік тұрғыда қолдау және өңірлердегі мәселелерге ғылыми тәсіл қалыптастыру мақсатында Махалланы дамыту ұлттық институты құрылады. Институт «жетілік» құрамын оқытып, махаллалардағы өзекті мәселелерге ғылыми негізделген шешімдер әзірлейді.
Жиында махалла банкирлерінің жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту мәселесі де қаралды. Енді банктер әрбір махалланың «өсу нүктелерін» анықтап, бастамашыл азаматтарды тауып, табысты жобалардың санын арттыруы тиіс. Бұдан былай бір махалла банкирі ең көбі үш махаллаға ғана жауапты болады.
Махалла банкирлері өз аумағындағы банк клиенттерімен жұмыс істеп, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары мен оларға қойылатын талаптарды анықтайды. Сондай-ақ жұмыссыз тұрғындарды сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін жұмыспен қамту бөліміне өтінім беріп, оқуын аяқтаған азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал етеді.
Биыл отбасылық кәсіпкерлік жобаларын қолдауға қосымша 2 триллион сум көлемінде жеңілдетілген қаржы бөлінді. Әлеуметтік жағдайы күрделі махаллалар үшін несие мөлшерлемесі 17,5 пайыздан 12 пайызға дейін төмендетілді. Енді махалла банкирлері өздері анықтаған жобаларды осы қаржы көздері арқылы қолдай алады.
Мемлекеттік банктер махаллаларды мамандандыру бағытында жұмыс жүргізіп, «Агростар» компанияларымен бірлесіп «өндіру – қайта өңдеу – сақтау – қаптау – өткізу» тізбегін қалыптастырады. Бір ай ішінде мың махаллада жұмыс бастап, әр махаллада кемінде үш «локомотив» жобаны іске асыру міндеті жүктелді.
Махаллалардың бюджетін нығайту үшін де жаңа бастамалар ұсынылды. Енді махалла аумағындағы тұрғын емес нысандардан түсетін жер және мүлік салығының 5 пайызы сол махалланың өзінде қалады. Соның нәтижесінде махаллалар жыл сайын қосымша 400 миллиард сум қаражатқа ие болады.
Жыл қорытындысы бойынша ең көп кәсіпкер тіркеген, ең көп жаңа жұмыс орнын ашқан, кірісі ең жоғары және қосымша салық базасын кеңейткен 200 махаллаға 2 миллиард сумнан сыйақы беріледі.
Жалпы, жаңа бастамалардың арқасында махаллалар бюджетінің кірісі биыл 1,6 триллион сумға, ал келесі жылдан бастап 2 триллион сумға дейін ұлғаяды.
Өзбекстанда 2026 жыл «Махалланы дамыту және қоғамды өркендету жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты барлық реформалардың нәтижесі ең алдымен махалла өмірі мен тұрғындардың әл-ауқатынан көрінуі тиіс екені атап өтілді.
Биыл Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы «Біртұтас Отан, біртұтас халық болып, жаңа өмір мен жарқын болашақ құрамыз» деген ұранмен кең көлемде аталып өтеді. Осыған орай мерейтой қарсаңында «Махаллада абаттандыру және қайырымдылық айлығы» жарияланды.
Махаллаларды абаттандыру жұмыстарын үйлестіру үшін Премьер-министрдің жетекшілігімен республикалық штаб құрылып, өңірлік штабтарды әкімдер басқарады. Бұл бастама бір айлық науқан емес, жыл бойы жалғасатын жалпыұлттық қозғалысқа айналуы тиіс екені айтылды.
Еңбекке лайықты ынталандыру мақсатында жыл соңында көпқабатты үйлердегі «Ең көрікті пәтер», махаллада «Ең көркем аула», өңірде «Ең таза көше», аудан мен облыста «Үздік үлгілі махалла» номинациялары енгізіледі.
Байқау жеңімпаздары атанған көпқабатты үйлердегі пәтер иелері мүлік салығы бойынша, ал жеке тұрғын үйлердің иелері жер салығы бойынша жеңілдіктерге ие болады. Сондай-ақ үздік тәжірибе қалыптастырған «махалла жетілігі» марапатталып, олардың жұмыс тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі ретінде таратылады.
– Махалла – халыққа ең жақын басқару буыны. Азаматтардың күнделікті мәселелері дәл осы жерде, артық әуре-сарсаңсыз шешілуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі уақытта «жетілік» арқылы 100-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Алдағы уақытта барлық мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен махаллалар деңгейіне беріледі.
Жиында махаллалардағы әлеуметтік көмек көрсету аясын кеңейту мәселесі де талқыланды. Кейбір өңірлерде азаматтарды әлеуметтік тізілімге негізсіз енгізбеу немесе оларды тізілімнен заңсыз шығару жағдайлары сынға алынды.
Соның салдарынан мұқтаж отбасылар әлеуметтік көмек алу, балаларын балабақша мен үйірмелерге орналастыру сияқты кепілдендірілген қызметтерді пайдалана алмай отыр. Мәселен, 184 махаллада бір ай ішінде түскен 2 мың өтініштің барлығы негізсіз кері қайтарылған. Осыған байланысты әлеуметтік тізілімге енгізу мәселесі бойынша Президентке жолданған өтініштер жыл басынан бері 1,5 есеге өсіп, 30 мыңнан 46 мыңға жеткен.
Бас прокуратураға әлеуметтік тізілімнің дұрыс жүргізілуін қатаң бақылауға алу тапсырылды. Жыл соңына дейін мүгедектікті ерте анықтау, тұрғын үйлерді бейімдеу, әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету сияқты 25 түрлі әлеуметтік қызметті махаллалар деңгейінде көрсету міндеті жүктелді.
Алдағы үш ай ішінде деменцияға шалдыққан және ақыл-ой кемістігі бар азаматтарға арналған күндізгі және үйде күтім көрсету қызметтері, сондай-ақ «Мадад» үйлері 250 махаллада ашылады. Бұдан бөлек, өзгенің күтіміне мұқтаж қарттарға арналған «Белсенді өмір» бағдарламасы 75 махаллада іске қосылып, қараусыз қалған және зорлық-зомбылық көрген балаларды қолдау орталықтары құрылады.
Махаллаларда қылмыстың алдын алу бағытында қалыптасқан жүйе өз нәтижесін беріп келеді. Соңғы үш жылда криминогендік ахуалы күрделі болған 1 162 махалланың 571-інде биыл бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Атап айтқанда, бейнебақылау камераларын орнату, қауіпсіз көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын ұйымдастыру, отбасыларға психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ әлеуметтік осал, жұмыссыз және құқық бұзушылыққа бейім азаматтармен мақсатты жұмыс жүргізудің нәтижесінде бұрын «қызыл» санатқа кірген бірқатар махаллада қылмыс мүлде тіркелмеген.
Қылмыстың алдын алу бойынша жауапты ғылыми ұйымдармен бірлесіп, үлгілі махаллалардың тәжірибесі негізінде арнайы әдістеме әзірленеді. Жыл бойы «қызыл» және «сары» санаттағы махаллалардың профилактика инспекторлары осы әдістеме бойынша жергілікті жерде оқытылады.
Жиын барысында жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалып, махалла өкілдерімен пікір алмасу өтті.