Президент кино саласының өкілдерімен кездесу өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев «Узбекфильм» киностудиясында кино саласының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуде ұлттық кинода қол жеткізілген нәтижелер, салада шешімін күткен мәселелер және оны дамытудың жаңа бағыттары талқыланды.
Мемлекет басшысы «Узбекфильм» киностудиясы бірнеше буын шығармашылық өкілдерінің еңбегімен тығыз байланысты қастерлі орын екенін атап өтті. «Махаллада дув-дув гап», «Утган кунлар», «Шум бола», «Чинор остидаги дуэль», «Суюнчи» сияқты фильмдер мен олардың кейіпкерлері халық жадында сақталған. Бұл дәстүр тәуелсіздік жылдарында «Абдуллажон», «Отамдан қолган далалар», «Дилхирож», «Ватан», «Утов» секілді туындылармен жалғасын тапты.

– Бұл шаңырақта ұлттық кино тарихымыз, бірнеше буын шығармашылық өкілдерінің еңбегі, халқымыздың экранға көшкен армандары, ұмтылыстары мен үміттері тоғысқан, – деді Мемлекет басшысы.
Кейінгі жылдары киностудия толықтай қайта жаңғыртылды. Саланы қолдауға бағытталған екі жарлық пен сегіз қаулы қабылданды. 2016 жылы фильм түсіруге мемлекеттік бюджеттен 10 миллиард сум бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 218 миллиард сумға жетті. Соңғы он жылда бөлінген қаржының жалпы көлемі 1 триллион 200 миллиард сумды құрады.
Салаға ондаған жекеменшік киностудия келіп, ұлттық кадрлардың жаңа буыны қалыптасты. «Исламхужа», «Ибрат», «Авлоний», «Абдулла Қодирий», «Қуқон шамоли», «Муқимий», «Илхақ», «Узбек қизи», «Баһодүр Ялангтуш» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Жақында «Алтын глобус» халықаралық кино сыйлығы аясында Орталық Азия мен Кавказ киноөнерінің өкілдерін марапаттау рәсімі алғаш рет Ташкентте өтті. Онда өнер қайраткері Гүлчеһра Жамилова «Меридиан» сыйлығына ие болды.

Президентіміз қол жеткізілген жетістіктермен қатар, саладағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты адамдар кинотеатрларға бармай қалды деген пікірлерге қарамастан, шетелдік фильмдер көрсетілген кезде кинотеатр залдары көрерменге толады.
– Демек, көрермен кинодан да, кинотеатрға барудан да бас тартқан жоқ. Тек оның талғамы мен талабы өзгерді, – деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық фильмдердің көрермен сұранысына сай болуына киноны өндіруден бастап көрерменге жеткізуге дейінгі тұтас тізбектің, яғни дистрибуция жүйесінің қалыптаспауы кедергі келтіріп отыр. Сонымен қатар кәсіби киносыншылардың пікірі де жеткілікті деңгейде ескерілмейді. Мемлекет басшысы объективті талдау шығармашылық өкілдеріне өз кемшіліктерін көріп, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қолданыстағы мемлекеттік тапсырыс пен сатып алу жүйесі де заманауи киноиндустрия талаптарына сай келмейді. Бір режиссерге бір мезгілде алтыға дейін, ал бір авторға жетіге дейін жоба бекітілген. Тапсырыстардың жартысына жуығы мемлекеттік студияларға берілгендіктен, жекеменшік шығармашылық ұжымдардың тең бәсекеге түсу мүмкіндігі шектелген. Сценарий түсірілім барысында жетіліп, шығармашылық шешімдер өзгеруі мүмкін. Сондықтан фильмді қарапайым тауар немесе құрылыс нысаны секілді техникалық тапсырма негізінде сатып алу дұрыс емес екені атап өтілді.
– Шын мәнінде, шығармашылық адамының еңбегі көрерменді терең ойға жетелеп, жүрегінде із қалдырған фильм арқылы бағалануы керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы кино халықтардың бір-бірін тануына ықпал ететінін, өз тарихын, мәдениеті мен ұлттық қаһармандарын әлем экрандарында лайықты көрсете алған елдің үні мен ықпалы арта түсетінін атап өтті. Бүгінде кино елдің халықаралық беделін көтеретін «жұмсақ күшке» айналды. Оның балаларымыздың санасы мен дүниетанымын қалыптастырудағы маңызы да зор.

Мемлекет басшысы «Өз» идеясының кино өнеріндегі мәнін «Өз болмысымызды танып, өз тарихымызды өз үнімізбен әлемге баяндау» деп түсіндірді. Экранда ұлы бабаларымызбен қатар, бүгінгі күні арамызда өмір сүріп жатқан адамдардың да шынайы бейнесі көрініс табуы керектігін айтты. Мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар, Отан қорғаушылар, кәсіпкерлер, құрылысшылар мен жастардың өмірі әсерлі фильмдерге арқау бола алатыны атап өтілді.
– Балаларымыз осындай қаһармандардан өз бейнесін көрсін, өз күшіне сенсін, туған елінің болашағына жауапты екенін сезінсін! – деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық киноны дамыту үшін саланы басқару, қаржыландыру және фильм түсіру міндеттері нақты ажыратылады. Кинематография агенттігі таратылып, мемлекеттік саясатты жүргізу өкілеттігі Мәдениет министрлігіне беріледі. Министрлікте Кино өнері департаменті құрылып, оның басшысына министр орынбасарымен тең мәртебе беріледі. Жауапты тұлғаларға бір ай ішінде жаңа департаменттің жұмысын жолға қойып, агенттік жүйесін тарату жұмыстарын аяқтау тапсырылды.

Мемлекеттік мекеме болып келген «Узбекфильм» орнына заманауи бизнес-модель негізінде жұмыс істейтін «Узбекфильм» ұлттық кинокомпаниясы құрылады. Компанияның өзі фильм түсірмейді, бұл жұмыс толығымен жекеменшік секторға беріледі. Ұлттық кинокомпания жобаларды іріктеу және қаржыландыру, фильмдерді насихаттау мен тарату, сондай-ақ оларды халықаралық нарықтар мен кинофестивальдерге шығару мәселелерімен айналысады. Компанияның жұмысын бір апта ішінде жолға қою міндеті жүктелді.
Фильмдерді қаржыландыруда мемлекеттік тапсырыстың орнына субсидия арқылы қолдау жүйесі енгізіледі.
– Бұдан былай мемлекет фильмнің тапсырыс берушісі емес, шығармашылық өкілдері мен жекеменшік сектордың сенімді серіктесі болады, – деді Президент.

Жаңа жүйеде техникалық тапсырмаларға емес, шығармашылық үдеріске және оның талаптарына басымдық беріледі. Қаржыландыру тетігін бір ай ішінде енгізу, келесі жылдан бастап ұлттық кинокомпанияның сұранысына сәйкес жыл сайын бюджеттен тиісті қаражат бөліп отыру тапсырылды.
«Узбекфильмнің» 10 гектар аумағында кино саласына қажетті қызметтер шоғырланатын бірыңғай индустриялық кластер – «Узбекфильм кино қалашығы» құрылады. Ол үшін 400 миллиард сум бағытталады. Кино қалашығында салынатын заманауи дубляж және дыбыстау орталығына 80 миллиард сум бөлінеді. Екі ай ішінде қалашықтың бас жоспары мен жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, құрылысты келесі жылдың наурыз айында бастау міндеті жүктелді.
Кино өнері өкілдеріне арналған тағы бір бастама жарияланды. Төменгі Шыршық ауданында заманауи талаптарға сай жөндеуден өткен «Кухинур» шипажайы толығымен олардың игілігіне беріледі. Сонымен қатар жыл сайын осы саланың кемінде 300 қызметкеріне республикадағы шипажайларда демалып, емделу үшін тегін жолдама беріледі.

Салада ғылымды, талдауды және кәсіби сыншылықты дамыту мақсатында «Кинотанушылар клубы» құрылады. Ұлттық кинокомпания оның қызметін қолдап, Халықаралық киносыншылар федерациясына – FIPRESCI-ге мүше болуына көмектеседі.
Өзбекстан Кино қайраткерлері одағы мен Өзбекстан киноиндустриясы өкілдерінің бірлестігі біріктіріліп, Өзбекстан кино саласы өкілдерінің палатасы құрылады. Палата шығармашылық өкілдерінің авторлық құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғаумен, жастардың кәсіби тұрғыдан өсуіне қолдау көрсетумен айналысады. Жас кинематографистердің шетелде біліктілігін арттыруына да жағдай жасалады.
Президентіміз «Узбекфильм» атауын ұлттық киноның бірыңғай бренді ретінде нығайтуды ұсынды. Қазіргі «Чиланзар» көшесінің осы бөлігіне «Узбекфильм» атауын беру, Кино өнері музейін, Кино өнері сарайын және Ұлттық кино қорын да осы атау аясында біріктіру бастамасы көтерілді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы тәжірибелі кинематографистер мен жастардың пікірлерін тыңдады. Шығармашылық өкілдеріне қажетті жағдай жасалып, олардың бастамалары қолдау табатыны атап өтілді. Сондай-ақ сапалы кино түсіру үшін адал еңбек, отансүйгіштік және халқымызды сүйіп шығармашылықпен айналысу қажет екені айтылды.
– Сіздерге сенемін. Өз болмысымыздан күш алып, бүгінгі өмірімізді терең түсіне отырып, ұлттық киноның жаңа бетін бірге жасай аламыз, – деді Мемлекет басшысы.