Президент Хиуадан Үргенішке жаңа автомобиль жолы арқылы қайтты
Президент Шавкат Мирзиёев Хиуа қаласында кәсіпкерлермен өткен кездесуден кейін жаңа «Үргеніш – Хиуа» ақылы автомобиль жолымен танысты.
Өзбекстанда заманауи жол инфрақұрылымын дамытуға, көлік қозғалысының жылдамдығы мен қауіпсіздігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 5 тамызда қабылданған жаңа редакциядағы «Автокөлік жолдары туралы» заңда ақылы автомобиль жолдарын ұйымдастырудың құқықтық негіздері белгіленді. Бұл ретте жүргізушілер үшін балама тегін жолдың болуы негізгі шарт болып саналады.

Үргеніш әуежайы мен Хиуа қаласын байланыстыратын жаңа автомобиль жолы тұрғындар мен туристер үшін қауіпсіз, жылдам әрі қолайлы қатынас мүмкіндігін жасауға бағытталған.
Жоба аясында 35 шақырым автомобиль жолы, 1 жерасты туннелі, 8 жол өткелі, 15 көпір және 106 су өткізу нысаны салынды.

Қолданыстағы жолмен Үргеніштен Хиуаға жетуге 45–50 минут кетсе, жаңа төрт жолақты магистраль арқылы бұл уақыт 15–17 минутқа дейін қысқарады. Жолдың өткізу қабілеті тәулігіне 30 мыңнан астам көлік құралын құрайды.
Көлік ағыны мен төлемдерді басқару жасанды интеллектке негізделген цифрлық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Жеңіл және жүк көліктерінен, сондай-ақ автобустардан төлем көлікті тоқтатпай, электронды түрде алынады.
Жол бойында халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету және сервистік нысандарды орналастыру да көзделген.

Жол төсемінің жоғарғы қабаттарында ыстық климатқа төзімді арнайы модификацияланған битум қоспасы қолданылған. Жол жабындысының жалпы қалыңдығы 87 сантиметрді құрайды.
Жаңа магистраль Үргеніш пен Хиуа арасындағы қатынасты жеделдетіп, қолайлы ете түсумен қатар, туристер үшін көлік мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңірдің жол инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Осылайша, Президент Шавкат Мирзиёевтің Хорезм облысына сапары аяқталып, Мемлекет басшысы Ташкентке қайтып оралды.