Өзбекстандық ғалым әйел Дүниежүзілік ғылым академиясының вице-президенті болып сайланды
Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті, профессор Шахло Турдикулова 2027–2028 жылдарға Дүниежүзілік ғылым академиясының (TWAS) Орталық және Оңтүстік Азия бойынша вице-президенті болып сайланды. Бұл тағайындау арқылы ғалым академияның бүкіл тарихында оның басшылығына сайланған Өзбекстан мен тұтас Орталық Азия өңірінен шыққан алғашқы өкіл атанды.
Физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Абдус Саламның бастамасымен 1983 жылы құрылған Дүниежүзілік ғылым академиясы әлемнің 112 елінен жетекші зерттеушілер мен Нобель сыйлығының иегерлерінін бір арнада тоғыстырады. ЮНЕСКО-ның бағдарламалық құрылымы саналатын бұл беделді ұйым дамушы елдердегі ғылымның өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсетеді. Осыған байланысты TWAS мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде өткен сайлауда Шахло Турдикулова академияның алты вице-президентінің бірі болып сайланып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өз міндеттерін атқаруға кіріседі. Айта кетейік, ол 2025 жылдан бері осы академияның мүшесі.
Сонымен қатар TWAS-тың жаңа Кеңесіне Қытай Ғылым академиясының президенті Хоу Цзяньго жетекшілік етеді. Профессор Шахло Турдикулованың осы Кеңес құрамына енуі Орталық Азияға академияның жаһандық ғылыми күн тәртібін қалыптастыруға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және зерттеушілерді қолдауға тікелей қатысуға мүмкіндік береді.
Осы орайда биология ғылымдарының докторы, биотехнология, биохимия және адам генетикасы салаларының танымал маманы, сондай-ақ Жетілдірілген технологиялар орталығының директоры Шахло Турдикулованың бай ғылыми және кәсіби қызметіне тоқталған жөн. Атап айтқанда, докторлық диссертациясын дайындау барысында ол Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің (UCLA) мембраналық биология зертханасында маңызды зерттеулер жүргізген. Ал 2025 жылы Оксфорд университетінің ұйымдастырушылық көшбасшылық бойынша дипломын (Postgraduate Diploma in Organisational Leadership) алған. Оның ғылыми қызметі Орталық Азия халқының генетикасын зерттеумен және елімізде биотехнологияларды дамытумен тығыз байланысты. Ғалымның тікелей жетекшілігімен COVID-19 инфекциясын анықтауға арналған алғашқы отандық ПТР-тест жүйесі және Өзбекстан мен Қытайдың бірлескен жобасы аясында әзірленген ZF-UZ-VAC 2001 вакцинасы жасалды.
TWAS ғылыми зерттеулерге ауқымды гранттар бөліп, білікті мамандар даярлауға жәрдемдеседі әрі зерттеу орталықтары арасындағы академиялық алмасуды ынталандырады. Осы тұрғыдан алғанда, Шахло Турдикулованың беделді қызметке сайлануы Өзбекстан мен Орталық Азияның ғылыми бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілетуге, саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге және өңірдің жас ғалымдарының жаһандық бағдарламаларға қатысуын жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндік ашады.